Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында ер адам оққа ұшты. Қайғылы оқиға 1 тамызға қараған түні сағат шамамен 03:00-де Луговое ауылында болған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Марқұмның туыстары қылмысқа аудан аумағында әрекет етеді деп есептелетін қылмыстық топ мүшелерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтады. Олардың сөзінше, күдікті ретінде аталып отырған азаматтардың жасы – 22-де.
Жақындарының айтуынша, қайғылы жағдайға дейін ер адамға бірнеше рет қоқан-лоқы жасалған. Сондықтан отбасы қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты әрі әділ тергеп, кінәлілерді заң алдында жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Сонымен қатар марқұмның туыстары Мемлекет басшысына үндеу жасап, бұл істі жеке бақылауына алуды сұраған.
Белгілі болғандай, көз жұмған азаматтың артында жұбайы, бір ұлы мен қыздары қалған. Ал қарт ата-анасы жалғыз ұлынан айырылып отыр.
Оқиғаға қатысты Жамбыл облысы полиция департаменті Ozgeris.info редакциясына ресми түсініктеме берді.
«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің "Адам өлтіру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаменті.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап, заң аясында процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді.