Таиландтың Чонбури провинциясында Ресей азаматтары – 22 жастағы Диана Назимова мен оның 17 жастағы інісі Роман Назимовтың аяусыз өлтірілуі халықаралық резонанс тудырды. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, “Таиландқа бару қауіпті ме?”, “Жергілікті полиция туристерге көмектеспейді деген рас па?” деген сұрақтарды қайта көтерді. Алайда бір қылмыстың негізінде бүкіл елді қауіпті деп бағалау дұрыс па? Бұл сұраққа жауап беру үшін оқиғаға ғана емес, Таиландтағы қауіпсіздік жүйесіне, қылмыс статистикасына және туристерге қатысты тәжірибеге назар аудару қажет, - деп жазады Ozgeris.info тілшісі.
Не болды?
26 шілдеде Диана мен Роман үйден мотоциклмен шығып кеткеннен кейін байланысқа шықпай қалған. Жоғалар алдында Диана анасына телефоны белгісіз Bluetooth құрылғысын анықтағанын, өзін біреулер аңдып жүргендей сезінетінін айтқан. Таңғы сағат 04:26-да анасына “Urgent!” (“Шұғыл!”) деген соңғы хабарлама жіберіп, содан кейін байланыс үзілген. Бірнеше күннен кейін полиция олардың мотоциклін бөлшектелген күйде орманнан тауып, күдіктілерді қолға түсірді. Тергеу барысында күдіктілер қылмысты мойындап, жасырылған мәйіттердің орнын көрсеткен. Олар мотоциклді тартып алу мақсатында жасөспірім Романды атып, Диананы соққыға жыққанын айтқан. Күдіктілер көрсеткен екінші орыннан тағы бір тайлық отбасының – әке, ана және баланың мәйіттері табылды. Тергеушілер бұл адамдардың да осы қылмыстық топтың құрбаны болуы мүмкін екенін айтып отыр.
Ата-анасының жағдайы қалай?
Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, Назимовтар отбасы шамамен бес жыл бұрын Таиландқа қоныс аударған. Балалары жоғалғаннан кейін анасы әлеуметтік желілер арқылы көмек сұрап, полицияға бірнеше мәрте жүгінген. Ол қызының өзін аңдып жүргенін алдын ала сезгенін, тіпті белгісіз Bluetooth құрылғысын байқағанын айтқан. Соңғы келген “Urgent!” хабарламасы кейін бүкіл істің ең маңызды дәлелдерінің біріне айналды. Қазір отбасы ауыр психологиялық күй кешіп отыр. Ресейдің дипломатиялық өкілдігі де іске араласқан.
Таиланд шынымен қауіпті ел ме?
Сарапшылардың көпшілігі бұл оқиғаны ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті ретінде бағалайды. Жыл сайын Таиландқа ондаған миллион турист келеді. Ресейден ғана өткен жылы шамамен 1,9 миллион адам барған. Туризм ел экономикасының негізгі салаларының бірі болғандықтан, билік туристердің қауіпсіздігін сақтауға ерекше көңіл бөледі. Бұл – Таиландта қылмыс жоқ деген сөз емес. Елде жиі кездесетін қауіптер – қалта ұрлығы, мотоцикл ұрлығы, туристерді алдау, такси бағасын негізсіз көтеру, есірткіге қатысты арандатулар, ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеті (сирек). Соңғы жылдары әсіресе Паттайя мен Пхукетте шетелдік қылмыстық топтардың белсенділігі артқаны бірнеше рет тіркелген.
Десе де, жақында ғана Таиландта демалып келген қазақстандық турист Гауһар Қарасайдың айтуынша, елдегі жағдай сырт көзге бұрынғыдай тыныш көрінеді. Алайда соңғы оқиғалардан кейін қауіпсіздік мәселесіне алаңдайтынын жасырмайды.
«Мен Таиландқа үшінші рет барып келдім. Қазір балаларым бар болғандықтан, оларды өзіммен бірге апармаймын. Себебі мұндай оқиғалар туралы бұрыннан еститінмін. Барған сайын қонақүйге орналасқанда есік-терезенің, құлыптардың бәрін міндетті түрде тексеріп шығамын. Мен үшін бұл – қалыпты сақтық шарасы. Таиландты балалар үшін толықтай қауіпсіз ел деп айта алмаймын. Дегенмен ол жақта балаларымен демалып жүрген туристер өте көп. Мен өз басым ондай тәуекелге бармадым. Таныстарымның арасында да балаларымен барып, еш қиындықсыз демалып қайтқандар бар. Құдай сақтасын, мұндай қайғылы жағдай ешкімнің басына келмесін. Осы оқиғадан кейін Таиланд билігі туристердің қауіпсіздігін күшейтеді деп ойлаймын», – дейді Гауһар Қарасай.
“Таиланд полициясы көмектеспейді” деген рас па?
Бұл пікір әлеуметтік желілерде жиі айтылады. Шын мәнінде жағдай күрделірек. Таиландта арнайы Tourist Police қызметі жұмыс істейді. Ол тәулік бойы 1155 нөмірі арқылы бірнеше тілде қызмет көрсетеді және шетелдік туристердің мәселелерімен айналысады. Назимовтардың ісінде де полиция жүздеген қызметкерді іздеуге жұмылдырды, бейнекамераларды зерттеді. Содан кейін мотоциклді тапты және күдіктілерді бірнеше күн ішінде ұстады. Бұл полицияның әрекетсіз отырғанын көрсетпейді. Керісінше, қылмыс ашылғанымен, қоғамда қылмыскерлердің бұған дейін бірнеше ауыр қылмыс жасап үлгергені және кейбірінің бұрын сотталғаны туралы мәліметтер әділет жүйесіне қатысты сұрақтарды күшейтті.
Туристерге ең үлкен қауіп не?
Мамандардың айтуынша, Таиландтағы туристердің басым бөлігі зорлық-зомбылықтан емес, жол-көлік оқиғаларынан зардап шегеді.
Әсіресе:
* мотоциклді жүргізу;
* қорғаныш шлемін кимеу;
* алкогольден кейін көлік айдау;
* түнгі уақытта жалғыз жүру.
Паттайя, Пхукет және Самуи аралдарында дәл осы себептерден болатын оқиғалар жиі кездеседі.
Бұл елге баруға бола ма?
Қазіргі таңда әлемнің көптеген мемлекеттері Таиландқа толыққанды туристік тыйым салған жоқ. Дегенмен саяхатшыларға түнде жалғыз жүрмеу,белгісіз адамдармен бірге бармау, мотоцикл жалдағанда құжаттарын тексеру, жақындарына орналасқан жерін хабарлап отыру, Tourist Police байланыс нөмірін сақтау ұсынылады.
Ал туристік компаниялар әзірге Таиланд бағытына сұраныстың төмендегенін байқамағанын айтады. Елордадағы туристік компаниялардың бірінің өкілі Әйгерімнің сөзінше, соңғы қайғылы оқиға саяхатшыларды алаңдатқанымен, демалуға ниеттілердің қатары азаймаған.
«Қазіргі уақытта Таиландқа жолдамаларға сұраныс бұрынғыдай сақталып отыр. Әрине, соңғы оқиғадан кейін қауіпсіздік туралы сұрақ қоятын туристер көбейді. Бұл жағдай бәріміздің де зәремізді ұшырғаны рас. Дегенмен біздің тәжірибемізде Таиланд жергілікті халқы мен туристік қызмет көрсету саласы шетелдік қонақтарға жақсы қарайтын елдердің бірі. Біз үшін туристердің қауіпсіздігі – ең басты мәселе. Сондықтан жолға шығар алдында клиенттерге қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, сақтық шараларын ұстануға кеңес береміз», – дейді туристік компания өкілі Әйгерім.
Бұл жағдай нені көрсетті?
Диана мен Роман Назимовтардың өлімі – Таиландтағы соңғы жылдардағы ең шулы қылмыстардың бірі. Бұл оқиға ұйымдасқан қылмыстық топтардың әлі де бар екенін және кез келген турист үшін сақтықтың маңызды екенін көрсетті. Сонымен бірге бұл трагедияны бүкіл елдің қауіпсіздігіне ортақ баға ретінде қабылдау дұрыс емес. Таиланд жыл сайын миллиондаған туристі қабылдайтын әлемдегі ең танымал демалыс бағыттарының бірі болып қала береді. Дегенмен кез келген туристік ел сияқты мұнда да тәуекелдер бар, әсіресе түнгі уақытта, белгісіз адамдармен қарым-қатынаста және көлік құралдарын пайдаланғанда. Назимовтардың ісі тағы бір маңызды мәселені көтерді: туристік қауіпсіздік тек полицияның жұмысына ғана емес, саяхатшылардың өз сақтығына да тікелей байланысты.