Ақшаны қарызға беру оңай болғанымен, оны қайтарып алу әрдайым оңайға соқпайды. Әсіресе танысқа, туысқа немесе досқа сеніп берілген қаражат уақытында қайтпай қалса, мәселе заң алаңына ауысады. Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде медиативтік келісім арқылы берешекті қарапайым қолхатқа қарағанда әлдеқайда жылдам өндіріп алуға болады деген пікір жиі айтылып жүр, деп жазады Ozgeris.info Finratings.kz-ке сілтеме жасап.
Талқылауға түрткі болған жайттардың бірі – интернетте кең тараған сұхбат үзіндісі. Онда қарыз беруші мен қарыз алушы кәсіби медиатордың қатысуымен медиативтік келісім жасаса, берешекті қайтару процесі жеңілдейтіні айтылған. Тіпті кейбір қолданушылар мұндай құжаттың заңдық күші қарапайым қарыз шарты мен қолхаттан жоғары деген пікір білдірген.
Мысал ретінде бір азаматтың танысына 5 миллион теңге қарыз беру жағдайы келтірілген. Егер қаражат қолхат арқылы рәсімделіп, кейін уақытында қайтарылмаса, көп жағдайда несие беруші сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Ал медиативтік келісім жасалған жағдайда мәселені шешу әлдеқайда жылдам жүруі мүмкін деген пікір тараған.
Алайда қолданыстағы заңнамаға қарасақ, жағдай біршама күрделірек
«Медиация туралы» заңның 27-бабына сәйкес, медиативтік келісім жазбаша түрде жасалады әрі тараптар оны өз еркімен орындауға міндетті. Егер келісім талаптары орындалмаса, заңнамада көзделген тәртіппен жауапкершілік туындайды.
Заңда тағы бір маңызды норма бар. Сотқа дейін жасалған медиативтік келісім тараптардың құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған азаматтық-құқықтық мәміле ретінде қаралады. Демек мұндай құжатты автоматты түрде сот шешімімен теңестіру дұрыс емес.
Онда медиативтік келісімнің артықшылығы неде?
Мамандардың айтуынша, басты артықшылық құжаттың ерекше мәртебесінде емес, оны орындау тетіктерінде жатыр. Белгілі бір жағдайларда медиативтік келісім негізінде сот бұйрығын немесе атқарушылық құжат алу мүмкіндігі бар. Бұл толыққанды сот дауына қарағанда уақытты үнемдеуге жол ашады.
Әсіресе медиация сот процесі басталғаннан кейін жүргізілсе, оның нәтижесінде жасалған келісім сотпен бекітіледі. Мұндай жағдайда құжат қосымша процессуалдық қорғауға ие болып, заңда белгіленген тәртіппен орындалады.
Әлеуметтік желіде кең тараған тағы бір пікір – медиативтік келісімді даулауға болмайды деген тұжырым. Шын мәнінде заң мұндай абсолютті кепілдік бермейді. Себебі сотқа дейін жасалған медиативтік келісім мәміле саналады. Ал азаматтық мәмілелер белгілі бір жағдайларда сотта қаралуы мүмкін. Сонымен қатар келісім орындалмаған жағдайда мүдделі тараптың сотқа жүгінуге құқығы сақталады.
Сондықтан медиативтік келісім ешқашан даулауға келмейді деу шындыққа толық сәйкес келмейді. Заңгерлер медиацияны қарыз қатынастарындағы қосымша қорғаныс құралы ретінде қарастыруға кеңес береді. Ол тараптардың өзара келісімін нақтылап, міндеттемелерді айқындауға көмектеседі. Алайда медиативтік келісім қолхат пен қарыз шартын толық алмастыратын әмбебап құрал емес.
Ең бастысы – мәселені созып алмау. Қарыз мерзімі өтіп кеткен сайын тараптардың ұстанымы қатаяды, ал дауды шешу қиындай түседі. Сондықтан мамандар қандай құжат рәсімделсе де, берешекке қатысты мәселені ертерек реттеуге кеңес береді. Өйткені қарызды қайтарудағы ең тиімді құрал – дұрыс рәсімделген құжат қана емес, уақытылы қабылданған шешім.