Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапқан іске қатысты сотта жарыссөз жалғасып жатыр. Сотта марқұмның анасы Сәлима Омарова сөз сөйлеп, сотталушы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты шешімді барлық мән-жайды ескере отырып қабылдауды сұрады, деп жазады Ozgeris.info.
Омарованың айтуынша, ол қызынан айырылғанын түсінсе де, сотталушының екі баласы анасынан айырылғанын қаламайды. Сондықтан Жұбаниязованың кінәсі дәлелденбеген жағдайда оны жауапкершіліктен босатуды өтінді.
«Мен де анамын. Тағдырдың жазуымен қызымнан айырылдым. Бірақ Сәуле Жұбаниязованың балалары анасынан айырылса екен деп тілемеймін. Сондықтан істі жан-жақты қарап, барлық жағдайды таразылап, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын», – деді Сәлима Омарова.
Марқұмның анасы қызының соңғы сәтіне дейін өз міндетін орындағанын атап өтті. Оның сөзінше, Ұлдана қауіп төнген адамдарға көмектесу үшін барған және адам өмірін құтқаруды басты мақсат санаған.
Сәлима Омарова сот шешімі кінәлі адамды заң аясында жауапқа тартуға, ал кінәсі жоқ адамды қорғауға бағытталуы керек деп санайды.
«Кім кінәлі болса – заң алдында жауап берсін, ал кім кінәсіз болса – заң оны қорғасын. Әділдік тек жазалау емес. Әділдік – әр адамның өз ісіне қарай заңды бағасын алуы. Бүгін мен ана ретінде соттан бір ғана нәрсе сұраймын: Ұлданам үшін шындықты, Ұлданам үшін әділдікті орнатыңыздар», – деді ол.