Астанада 2025 жылғы 8 қарашада тұрғын үйдің қасбеті опырылып, бірнеше адам зардап шеккен іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта мемлекеттік айыптаушы тарап қайғылы оқиғаның себептеріне қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Прокурордың айтуынша, үйдің Таусамалы көшесіндегі 24Б мекенжайында орналасқан ғимаратының қасбет қаптамасы құлап, оның астында адамдар қалған. Оқиға салдарынан бірнеше адам жарақат алған. Зардап шеккендерге көмек көрсетуге келген жедел жәрдем қызметкерлері де екінші рет болған опырылудың астында қалған. Соның салдарынан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, кейін ауруханада қайтыс болған.
Мемлекеттік айыптаушы соттағы басты мәселе оқиғаның салдары ғана емес, оның алдын алуға бола-болмайтынын анықтау екенін айтты.
«Бүгін мемлекеттік айыптаудың міндеті – қылмыстық істің барлық материалын қайта тізіп шығу емес, басты сұраққа жауап беру. Бұл қайғылы оқиға не себепті болды және тиісті міндеттер дұрыс орындалған жағдайда оның алдын алуға болар ма еді?», – деді прокурор.
Айыптау тарапының мәліметінше, үйдің қасбеті кондоминиумның ортақ мүлкіне жатады. Сондықтан оны қауіпсіз жағдайда ұстауды ұйымдастыру міндеті сол кездегі мүлік иелерінің бірлестігі төрағасына жүктелген.
Прокурор бұл міндет төрағаның қасбетті өзі жөндеуі немесе құрылыс инженері болуы керек дегенді білдірмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, басты талап – ғимараттың техникалық жағдайын бақылауды ұйымдастырып, қауіпті учаскелер анықталған жағдайда тиісті шара қабылдау.
«Айыптау тарапы сотталушы қасбетті өз қолымен жөндеуі керек болды деп отырған жоқ. Ол тоғызыншы қабатқа өзі көтеріліп, құрылыс инженері сияқты техникалық себепті анықтауға міндетті болған жоқ. Бірақ мүлікті басқаруды оның қауіпсіз жағдайда пайдаланылуын қамтамасыз ететіндей етіп ұйымдастыруы тиіс еді. Осмотр жүргізу, қауіпті учаскелерді анықтау, қажет болса техникалық тексеру жүргізу және тиісті шаралар қабылдау керек болатын. Алайда дәл осы әрекеттер жасалмаған», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Сотта 2017 жылы жүргізілген техникалық тексеру қорытындысы да қаралған. Прокурордың айтуынша, құжатта үйдің жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп көрсетілгенімен, онда қасбет, іргетас, шатыр және басқа да бөліктерге жөндеу жүргізу қажеттігі жазылған.
Айыптау тарапы қасбеттегі ақаулардың апат болатын күні ғана пайда болмағанын айтып отыр. Сотта сарапшылардың қорытындысына сәйкес, ғимараттың бұзылу процесі бірден емес, ұзақ уақыт бойы біртіндеп дамығаны айтылды.
Қорғау тарапы бұған дейін ғимараттың жасы, бастапқы құрылыс сапасы, құрылыс салушының әрекеті, бұрынғы басқарушылар мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне назар аударған.
Алайда прокурор бұл факторлар жауапты тұлғаның өз міндеттерін орындау мәселесін жоққа шығармайтынын жеткізді. Қазір сот тараптардың дәлелдері мен сараптама қорытындыларын зерттеп жатыр.