Қоғам

Түнгі көлік жарыстарына қатысты бақылау күшейтілуі мүмкін

Түнгі көлік жарыстарына қатысты бақылау күшейтілуі мүмкін

Құрылтай депутаты Кендебай Адамбек түнгі уақытта қала тұрғындарының тыныштығын бұзатын көліктер мен мотоциклдерге қатысты бақылауды күшейтуді ұсынды,деп хабарлайды Ozgeris.info

Депутат бұл мәселені Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған депутаттық сауалында көтерді. Оның сөзінше, қалалардың орталық көшелерінде кейбір жүргізушілер рұқсат етілмеген жарыстар өткізіп, жылдамдықты асырады. Бұған қоса, көліктерге техникалық өзгерістер енгізіп, қатты дыбыс шығару, пиротехника қолдану сияқты әрекеттерге барады.

Кендебай Адамбек мұндай жағдайлар жол қозғалысы қауіпсіздігімен қатар, тұрғындардың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпке де әсер ететінін айтты.

Депутаттың мәліметінше, мұндай құқық бұзушылықтардың барлығы бірдей дер кезінде тіркеле бермейді. Көп жағдайда полиция тиісті шараларды тұрғындардан шағым түскеннен кейін ғана қабылдайды.

Осыған байланысты ол көлік қозғалысын бақылау жүйесін жетілдіруді ұсынды. Атап айтқанда, шу деңгейін автоматты түрде анықтайтын акустикалық құрылғыларды қолданыстағы фото және бейнетіркеу жүйелерімен біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды.

Сонымен қатар заңсыз көлік жарыстарының алдын алу үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құру ұсынылды.

«Түнгі заңсыз жарыстардың жолын кесу және көліктердің шығару жүйесіне заңсыз өзгерістер енгізілгенін тексеру үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құру қажет», – деді депутат.

Кендебай Адамбек көлікке енгізілген заңсыз техникалық өзгерістер жойылғанға дейін құқық бұзушының автокөлігін арнайы тұраққа қою мүмкіндігін қарастыруды да ұсынды.

Бұдан бөлек, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін қолданылатын жауапкершілік шараларын қайта қарау мәселесі көтерілді. Қазіргі таңда мұндай құқық бұзушылық үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Барлық жаңалық