Жаңалықтар

"AMANAT" пен "Әділет" партиясы бірігеді

"AMANAT" пен "Әділет" партиясы бірігеді

Астанада өткен AMANAT партиясының XXVI съезінде AMANAT пен «Әділет» партияларын біріктіру бастамасы көтерілді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты BAQ.KZ сілтеме жасап. 

Съезге қатысушылар Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының жұмыс нәтижелерін талқылап, партияның алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтарын айқындады.

Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко жаңа Конституция еліміздің одан әрі дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігі оларды өңірлерде жүйелі әрі дәйекті іске асыруға тікелей байланысты. Сондай-ақ ол мемлекеттік институттар, саяси партиялар мен азаматтық қоғамның күш-жігерін ортақ мақсаттарға жұмылдырудың маңызын ерекше атап өтті.

Ал Мәжілістегі AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов соңғы реформалардың жастарға жаңа мүмкіндіктер ашқанын айтты. Оның пікірінше, бүгінде жастар қоғамдық бастамаларға ғана емес, заң шығару процесіне де белсенді қатысып келеді. Депутат жастарды саяси жаңғырудың және ел дамуының негізгі қозғаушы күштерінің бірі деп бағалады.

Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы медициналық орталығының директоры, бастауыш партия ұйымының төрайымы Гүлмира Сағидуллина партияның әлеуметтік және қайырымдылық жобаларына тоқталды. Ол отбасыларды, жастарды, ардагерлерді және ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауға бағытталған жұмыстар туралы баяндады.

Съезге қатысушылар реформаларды жалғастырудың, қоғамдық келісімді нығайтудың және мемлекет пен азаматтардың ортақ мүддесі жолында күш біріктірудің маңызын атап өтті.

Сонымен қатар AMANAT мүшелері партияның «Әділет» партиясымен бірігуі жөнінде мәлімдеме жасап, бұл бастама стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға, сондай-ақ Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құру жолында жинақталған тәжірибе мен кадрлық әлеуетті тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Барлық жаңалық