Шоу-бизнес

"Екі пәтерімді саттым": Байырбекова қарызға батқан ұлына қалай көмектескенін айтты (ВИДЕО)

"Екі пәтерімді саттым": Байырбекова қарызға батқан ұлына қалай көмектескенін айтты (ВИДЕО)

Әлеуметтік желіде Good_zhan лақап атымен танылған блогер Тәуіржанның анасы Ләззат Байырбекова ұлының қарызға батуы мен оған көмектесу үшін қандай қадамдарға барғанын айтып берді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты. 

Ол Анна Данченконың YouTube-арнасына берген сұхбатында соңғы уақытта өзіне қатысты сынның көбейгенін айтып, жағдайдың мән-жайын түсіндіруді жөн көргенін жеткізді.

Анасының айтуынша, Тәуіржан шамамен үш жыл бұрын бизнес бастау мақсатында 20 миллион теңге көлемінде қарыз алған. Алайда жоспарлаған жобалары нәтиже бермей, қарыз көлемі уақыт өте келе 84 миллион теңгеге дейін өскен. Қарыздың бір бөлігі банктерден, енді бір бөлігі жеке адамдардан алынған.

Ұлына көмектесу үшін Ләззат Байырбекова екі пәтерін сатып, қарыздарын жабуға қаржы бергенін айтты. Дегенмен бұл әрекет мәселені толық шешпеген.

Сұхбат барысында ол Тәуіржанның айналасындағы адамдардың ықпалына да алаңдағанын жасырмады. Анасының сөзінше, ұлы түрлі жобаларға қатысып, өзге адамдардың кеңесіне жиі сүйенген.

Ләззат Байырбекова бұрын баланы кәмелет жасына дейін тәрбиелеу жеткілікті деп есептегенін, алайда қазіргі жағдайда ата-ананың қолдауы мен бағыт-бағдары одан кейін де маңызды екенін түсінгенін айтты.

Сондай-ақ ол ұлының психологтардың көмегіне жүгінгенін және кей мамандар оның қарызға батуына анасының да ықпалы болғанын айтқанын жеткізді. Өз кезегінде ол ұлы қиындыққа тап болған сайын қаржылай көмектескені қателік болуы мүмкін екенін мойындады.

Анасының айтуынша, Тәуіржанның жағдайы жария болғаннан кейін оған қолдау білдіретін оқырмандар көбейген. Кейбірі тіпті қаржылай көмек көрсеткен.

Қазір Ләззат Байырбекова арнайы «Ән терапия» жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Оның мақсаты – Тәуіржанның оқиғасы арқылы адамдарға қарыздың салдары, жауапкершілік және ата-ана мен бала қарым-қатынасының маңызы туралы ой салу.

Сұхбат соңында ол ұлының жанында жүрген достарының көпшілігі қиын кезеңде алыстап кеткенін айтып, ең алдымен адамның өз күшіне сенуі маңызды екенін атап өтті.

Барлық жаңалық