Жаңалықтар

Айтыскер Салтанат Өтелбаеваның қазасына қатысты адам шошырлық ақпар шықты

Айтыскер Салтанат Өтелбаеваның қазасына қатысты адам шошырлық ақпар шықты

Айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымовтың өмірін қиған жол апатына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Sn.kz-ке сілтеп. 

Қайғылы оқиға 16 маусым күні таңғы сағат 07:00 шамасында Ақмола облысы аумағындағы Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 231-шақырымында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ерлі-зайыптылар отырған Chevrolet Tracker көлігі белгісіз себептермен қарсы бағытқа шығып кетіп, КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Салтанат Өтелбаева мен Мырзабек Қасымов оқиға орнында көз жұмды.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қостанай облысында тіркелген КамАЗ Астана бағытына қарай шамамен 20 тонна жарылғыш зат тасымалдап бара жатқан. Қауіпті жүкке қажетті барлық рұқсат құжаттары рәсімделген, сондай-ақ көлікте арнайы күзет қызметкері де болған.

«Жол-көлік оқиғасынан кейін ешқандай жарылыс немесе өрт тіркелген жоқ», – деп хабарлады полиция.

Қазіргі уақытта апаттың нақты себептері анықталып жатыр. Тергеу аясында Chevrolet Tracker жүргізушісінің рөлде қалғып кетуі мүмкін деген нұсқа қарастырылуда.

Сонымен қатар, жол апаты салдарынан тағы екі адам түрлі дене жарақатын алып, медициналық көмекке жүгінген. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Барлық жаңалық