Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты іс бойынша сот-медициналық сараптаманың қорытындысы жария болды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Сарапшы марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің бас сүйегі мәйітті жерден қазып алу кезінде денесінен ажырап кетуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Қазіргі таңда қайын жұртынан төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында қорғаушы тарап сарапшыға адамның бас сүйегі 6-8 ай аралығында денесінен өздігінен бөлінуі мүмкін бе деген сұрақ қойды.
Айта кетейік, бұған дейін сотта көрсетілген бейнематериалдарда Наурыз Мұқанғалиевтің бас сүйегі денесінен бөлініп қалғаны байқалған болатын.
Сарапшының түсіндіруінше, мұндай жағдайдың орын алуы мәйіттің жатқан ортасына, топырақтың ерекшеліктеріне және шіру процесінің жүруіне байланысты.
«Мәйіттің табылған жері, топырақтың құрамы және сүйек тіндерінің ыдырау деңгейі маңызды рөл атқарады. Наурыз Мұқанғалиевтің денесін жерден қазып шығарған кезде бұлшық еттері толық сақталмаған. Сондықтан бас сүйегі сол сәтте ажырап кетуі әбден мүмкін», – деді сарапшы.
Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот тыңдаулары әлі де жалғасуда. Істің барлық мән-жайы сот барысында анықталмақ.