Астанадағы Триатлон паркінде орналасқан балалар ойын алаңында өрт шықты. Кейін өрттің шығуына төрт жасөспірімнің қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Бұл туралы ozgeris.info сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға 18 маусым күні таңертең болған. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды алты минуттың ішінде толық сөндірді. Тергеу барысында өртке қатысы бар деген күдікпен төрт мектеп оқушысының жеке басы анықталған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жасөспірімдер таңғы уақытта көгалға от қойған. Соның салдарынан жалын 25 шаршы метр аумақты қамтыған. Абырой болғанда, зардап шеккендер тіркелмеді.
Оқиғадан кейін кәмелетке толмағандардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал Астана қаласының полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру немесе жою фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
“Полиция департаменті ата-аналарға балаларының қайда жүргенін және бос уақытын қалай өткізетінін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертеді. Ересектер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы құқыққа қайшы әрекеттерге әкеліп, айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі және заңда көзделген жауапкершілікке себеп болуы мүмкін”, – деді ведомство.