Белгілі тележурналист Айгүл Мүкей әлеуметтік желіде Алагөзовтар отбасының атын пайдаланып, халықтан ақша жинап жатқан күмәнді жобалар туралы ескерту жасады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Журналисттің айтуынша, ешкім де ешқандай негізсіз ақша таратпайды. Сондықтан азаматтар жарнамасы жер жарған бағдарламаларға сене бермеуі керек.
«Ешкім сізге жайдан-жай ештеңе бермейді, даңқты есімдерге алданып қалмаңыздар. Айтпақшы, бағдарламаға қатысу үшін алдымен 20 мың теңге, кейін тағы 100 мың теңге аудару керек болғанын айтуды ұмытып кетіппін», – деп жазды Айгүл Мүкей.
Ол жазбасында мұндай схемалардың алаяқтардың әрекеті болуы мүмкін екенін меңзеп, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.
Желі қолданушылары да журналисттің ескертуін қолдап, мұндай қаржылық ұсыныстарға сенбеуге үндеді. Көпшілік белгілі адамдардың немесе қайырымдылық қорларының атын пайдаланып, алдын ала ақша талап ететін жобалардан сақ болған жөн екенін жазған.