Жаңалықтар

Абай облысында 13 жастағы оқушы сыныптасын 15 жерінен пышақтаған

Абай облысында 13 жастағы оқушы сыныптасын 15 жерінен пышақтаған

Абай облысында 13 жастағы екі сыныптастың арасындағы жанжал ауыр жағдайға ұласды. Жасөспірімдердің бірі сыныптасын бірнеше рет пышақтап, ауыр жарақаттаған,  деп хабарлайды Ozgeris.info

Оқиғаның мән-жайын зардап шеккен баланың туыстары айтып берген. Олардың сөзінше, екі сыныптас атқа мініп, бірге серуендеп, ойнауға барған. Алайда кейін балалардың арасында күтпеген жерден жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан.

Салдарынан жасөспірімдердің бірі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер баланың денесінен 15-ке жуық пышақ жарақатын анықтаған. Жасөспірім көп қан жоғалтқандықтан, оған бірнеше сағат бойы шұғыл операция жасалған.

Семей университеттік госпиталінің педиатрия жөніндегі директор орынбасары Дулат Кәрімовтің айтуынша, балаға іш қуысына өткен пышақ жарақаты диагнозы қойылған. Соның салдарынан оң жақ бүйрек паренхимасы зақымдалып, ішкі қан кету болған. Сонымен қатар оның денесі мен аяқ-қолдарынан бірнеше жарақат анықталып, бірінші дәрежелі геморрагиялық шок тіркелген.

Операция шамамен төрт сағатқа созылған. Қазіргі таңда баланың жағдайы тұрақты. Ол балалар хирургиясы бөліміне ауыстырылды.

Жанжалға қатысқан екінші жасөспірім де сол күні медициналық көмекке жүгінген. Оның денесінен үш-төрт жеңіл жарақат анықталған.

Қазіргі уақытта полиция аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижесінде кәмелетке толмағандарды есепке қою және олардың заңды өкілдерін бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.

Барлық жаңалық