Қоғам

Қазақстанда ең төменгі жалақы қашан өседі

Қазақстанда ең төменгі жалақы қашан өседі

Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде қаралады. Қазір бұл бойынша тиісті есептеулер жүргізілген. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте айтты,  деп хабарлайды Ozgeris.info

Журналистер вице-министрден алдағы үш жылда ең төменгі жалақы қазіргі 85 мың теңге деңгейінде қала ма деп сұрады. Бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру мүмкіндігі талқыланған болатын.

«Негізінен есептеулер бар. Бұл мәселені Құрылтайда талқылаймыз. Қандай шешім қабылданғанын айтамыз», – деді Азамат Әмрин.

Өз кезегінде Құрылтай депутаты Татьяна Савельева 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасының бірінші оқылымы 14 қазанда өтетінін айтты.

Оның сөзінше, бірінші оқылымға дейін бюджеттің негізгі параметрлері, оның ішінде кірістер мен шығыстар қаралады. Ал 14 қазаннан кейін салыстырмалы кестелерді талқылау жоспарланған.

«Құрылтай депутаттары ең төменгі жалақыға қатысты мәселені көтеріп жатыр. Оны 14 қазаннан кейін қарайтын боламыз», – деді Татьяна Савельева.

Осылайша, ең төменгі жалақының нақты мөлшері мен оны көтеру мәселесіне қатысты шешім бюджет жобасын талқылау барысында белгілі болады.

Барлық жаңалық