Шымкент қаласында адам өлтіру және бұзақылық дерегі бойынша полиция тағы үш күдіктіні ұстады. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында адвокат Талғат Есімов мәлімдеді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен.
Адвокаттың айтуынша, күдіктілер Түркістан облысының Түлкібас ауданында бой тасалап жүрген.
«Василий Колесниковті өлтіру дерегі бойынша тағы үш күдікті ұсталды. Олар Түркістан облысының Түлкібас ауданында жасырынған», – деп жазды Талғат Есімов.
Еске сала кетейік, бұған дейін 21 қаңтар күні полиция кісі өлтіру және бұзақылық жасады деген күдікпен төрт ер адамды ұстағанын хабарлаған болатын. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, барлық ұсталған азаматтар уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі таңда жедел-іздестіру және тергеу шаралары жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиға 20 қаңтар күні Шымкент қаласындағы Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, екі жүргізуші арасында жанжал туындап, кейін үшінші көлікпен келген өзге адамдар араласып, жағдай төбелеске ұласқан.
Қақтығыс барысында бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізіліп, олардың бірі алған ауыр жарақатынан көз жұмған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.