Астана қаласында «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенділері қаладағы заңсыз қоқыс үйінділеріне қарсы ерекше акция өткізді. «AntiTrash» азаматтық науқаны аясында жастар құрылыс қалдықтарын жинап, оны жауапты компанияның өзіне «кері қайтарып» берді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Мәселе Ұлы Дала даңғылы бойындағы «Айва» тұрғын үй кешенінің маңында орналасқан аумаққа қатысты болып отыр. Бұл жерде шамамен 70 мың шаршы метрді құрайтын құрылыс қалдықтарының ірі заңсыз үйіндісі пайда болған.
Бұған дейін қоғамдық резонанс пен Есіл ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Жұмабайұлының қолдауымен аталған аумақ толықтай тазартылған болатын. Алайда, белсенділердің айтуынша, біраз уақыт өткен соң бақылаудың жоқтығынан жер телімі қайтадан құрылыс қалдықтарына толып кеткен.
Кезекті рейд барысында «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілдері қоқысты заңсыз төгудің жаңа деректерін тіркеген. Оқиға орнында жүрген жұмысшылармен тілдесу кезінде кикілжің туындаған.
«Азаматтардың бірі өзін бірде мердігер, бірде күзетші ретінде таныстырып, қалдықтарды шығаруға қатысы жоқ екенін айтты. Алайда қоқысты бұл жерге төгудің заңдылығы туралы сұрақтар қойылған кезде әңгіме күрт шиеленісіп кетті. Белсенділер тарапына қорқыту сипатындағы сөздер айтылып, түсірілім жүргізуге кедергі келтіруге әрекет жасалды», – делінген қозғалыстың баспасөз хабарламасында.
Тексеру нәтижесінде бұл аумаққа құрылыс қалдықтарын төгуге қатысы бар бірнеше компанияның аты аталды:
Nursal Construction ЖШС
Alem In
Telman Avenue
Royal Group
Жауапкершілікті сезіндіру мақсатында белсенділер арнайы тұзақ ұйымдастырды. Олар жүк көлігіне үлкен мата орнатып, оған компанияның қоқысын қайта жинап салды. Нәтижесінде сыртында «Royal Group — сіздің жауапкершілігіңіз» деген жазуы бар алып қап пайда болды. Сондай-ақ, онда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейтін 344-бабына сілтеме көрсетілген.
Қозғалыс белсендісі Мақсат Әбітай Есіл ауданы әкімдігіне үндеу жасап, мәселені тек айыппұлмен шешу мүмкін еместігін алға тартты.
«Айыппұлдар салынғанына және тазалау жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, мәселенің түбірі әлі шешілген жоқ. Құрылыс қалдықтарын бақылаудың қолданыстағы тәсілдерін қайта қарап, бұл мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік беретін жүйелі шараларды енгізуге шақырамыз. Қалдықтарды заңсыз орналастырғаны үшін жауапкершілік тек ресми сипатта қала берсе, мұндай жағдайлар қайта-қайта қайталана береді», – деп түйіндеді Мақсат Әбітай.