Алматы облысы

Алматыны жойқын жер сілкінісі күтіп тұр ма? ДДСҰ мәлімдемесіне талдау

Алматыны жойқын жер сілкінісі күтіп тұр ма? ДДСҰ мәлімдемесіне талдау

Әлеуметтік желілерде соңғы күндері «Алматыда жақын арада жойқын жер сілкінісі болады» деген ақпарат қайтадан тарап жатыр. Мұндай хабарламалар әрбір әлсіз дүмпуден кейін қайталанады. Бірақ ең маңызды сұрақ өзгермейді: ғылым мұндай апатты нақты күні мен сағатына дейін болжай ала ма? Қысқа жауап – жоқ.  

Алматы неге қауіпті аймақ?  

Алматы – Еуразия плитасы мен Үнді тектоникалық плитасының соқтығысу аймағына жақын орналасқан. Осы процестің нәтижесінде Тянь-Шань таулары әлі күнге дейін қалыптасып жатыр. Сондықтан жер қойнауындағы кернеу тұрақты түрде жиналып, мезгіл-мезгіл жер сілкінісі түрінде босайды. Сейсмологтардың айтуынша, Алматы - Қазақстандағы ең қауіпті сейсмикалық аймақтардың бірі7 2026 жылдың өзінде Алматы маңында бірнеше рет сезілетін жер сілкіністері тіркелді. Дегенмен олардың басым бөлігі әлсіз немесе орташа магнитудалы болды және ірі қирауларға әкелген жоқ.  

Алматыдағы ең жойқын жер сілкіністері  

Алматы тарихында бірнеше апатты жер сілкінісі болған. 1887 жылғы Верный жер сілкінісі. Магнитудасы шамамен 7,3 болды. Қаладағы ғимараттардың басым бөлігі қирады. Жүздеген адам қаза тапты. 1889 жылғы Шілік жер сілкінісінің магнитудасы 8 балдан жоғары деп бағаланады. Қазақстан аумағындағы ең күшті жер сілкіністерінің бірі - 1911 жылғы Кемин жер сілкінісіү Бұл Алматы тарихындағы ең қауіпті зілзалалардың бірі болды. Магнитудасы 8,0–8,2 және интенсивтілігі 10–11 балға дейін жетті. Мыңдаған үй қирап, жер бедері өзгерді. Ірі көшкіндер де болды. Осы үш тарихи оқиға Алматының өте жоғары сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын дәлелдейді.  

Алматыда тағы сондай жер сілкінісі болуымүмкін бе?  

Иә, теориялық тұрғыдан мүмкін. Бірақ маңызды мәселе — қашан болатынын ешкім білмейді. Бүгінгі ғылым табиғи апаттың күнін болжай алмайды және сағатын да айта алмайды. Қай жарықтың қашан жарылатынын анықтай алмайды. Әлемдегі АҚШ, Жапония, Қытай, Түркия сияқты елдердің де ғылымы мұны жасай алмай отыр. Ғалымдар тек қауіпті аймақтарды анықтай алады. Сонымен ықтимал сценарийлерді модельдей алады. Сондай-ақ қай жерде қанша балдық сілкініс болуы мүмкін екенін есептей алады. Астана қаласына жақында көшіп келген экс-алматылық Мақсат Айтбаев былай дейді:

«Мен Алматы қаласында дүниеге келдім. Таудың етегінде өсіп, жер сілкінісін жиі сезініп өстім. Бала күнімде үлкендер бізге жер сілкінсе қайда тығылу керек, қалай әрекет ету қажет екенін үнемі үйрететін. Өзім қатты жер сілкінісін бастан өткермесем де, амплитудасы орташа сілкіністерді талай рет сезіндім. Бұрын оған аса мән бермейтінмін. Алайда есейген сайын уайымдай бастадым. Ең алдымен, отбасым мен жақындарым үшін алаңдаймын. Қазір Астанада тұрамын. Сондықтан Алматыдағы туыстарымды жиі ойлаймын. Әлеуметтік желілерде таралатын түрлі ақпараттар мен болжамдарды көргенде, кейде ұйқың да қашады. Дегенмен, мұндай жағдайларға қатысты нақты болжамды ешкім дәл айтып бере алмайды. Соған қарамастан, Алматыдағы ғимараттардың ірі жер сілкіністеріне белгілі бір деңгейде дайындалғанына сенгім келеді».  

Ғалымдар не дейді?   

Әлемдік сейсмологияда ортақ пікір бар. Жер сілкінісінің нақты уақытын болжаудың ғылыми дәлелденген әдісі жоқ. Бұл туралы: 

  • АҚШ Геологиялық қызметі (USGS)
  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) 
  • БҰҰ-ның апат тәуекелін азайту жөніндегі басқармасы (UNDRR) бірнеше рет мәлімдеген.

Ғалымдар барлық күшті ғимараттарды күшейтуге, ерте ескерту жүйесіне, халықты оқытуға, тәуекелді төмендетуге жұмсап отыр.  

ДДСҰ не дейді?  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер сілкінісінен болатын өлімнің негізгі себебі – жердің өзі емес, ғимараттардың құлауы. Сондықтан ұйым сейсмотұрақты құрылыс, халықты даярлау, алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру, төтенше жағдайларға дайындықадам өмірін сақтайтын басты факторлар екенін айтады.  

Әлемнің дамыған елдері қалай қорғанады?  

Жапония

Жапония жер сілкінісін тоқтата алмайды. Бірақ әлемдегі ең мықты құрылыс стандарттары, ерте ескерту жүйесі, мектептердегі тұрақты жаттығулар, автоматты түрде тоқтайтын пойыздар, газ жүйесінің автоматты ажыратылуы арқылы адам шығынын азайтып келеді.

АҚШ

Калифорнияда ShakeAlert жүйесі, сейсмикалық карталар, қауіпті ғимараттарды қайта жаңарту бағдарламалары жұмыс істейді. 

Түркия

2023 жылғы апаттан кейін құрылыс талаптары қайта күшейтілді. Басты сабақ әлсіз ғимарат — ең үлкен қауіп. 

Орталық Азиядағы ахуал

Сейсмикалық тұрғыдан ең қауіпті мемлекеттер – Қазақстанның оңтүстік-шығысы, Қырғызстан,Тәжікстан, Өзбекстанның шығыс бөлігі. Бұл аймақ түгелдей Тянь-Шань тау жүйесіне кіреді. Сондықтан мұнда жер сілкіністері табиғи құбылыс болып қала береді.  

Алматыда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?  

Соңғы жылдары: жаңа сейсмикалық мониторинг станциялары орнатылды; жаппай хабарлау жүйесі енгізілді; тұрғындарды оқыту жаттығулары өткізілуде; эвакуациялық пункттер белгіленді; қауіпті ғимараттарды тексеру жұмыстары жалғасуда. 

2024–2026 жылдары бірнеше жер сілкінісі кезінде ескерту жүйелері сынақтан өтті.  

Алматы тұрғындары нені білуі керек?  

Мамандардың негізгі кеңестері:

  • үрейге бой алдырмау;
  • ресми ақпаратқа ғана сену; 
  • төтенше жағдай сөмкесін дайындау;
  • отбасы мүшелерімен кездесу орнын алдын ала келісу;
  • ауыр жиһазды қабырғаға бекіту; 
  • алғашқы көмек көрсетуді үйрену.  

Жер сілкінісі кезінде:

  • лифт қолданбаңыз;
  • терезеден алыс тұрыңыз;
  • басыңызды қорғаңыз;
  • дүмпу тоқтағаннан кейін ғана сыртқа шығыңыз.

Алматылық Бауыржан Мақсотовтың айтуынша, қала тұрғындары жер сілкінісіне толық дайын емес.

«Алматыда қандай да бір сілкініс болса, әр адамның құжаттары мен басқа да маңызды заттары алдын ала дайын тұрғаны жөн. Себебі апат айтып келмейді. Кез келген жағдайға сақадай сай болуымыз керек. Бірақ үнемі үреймен өмір сүру де оңай емес. Дабыл қағылған кезде халықтың көпшілігі үйден шықпай, жай ғана терезеден бақылап тұрады. Меніңше, бұл – қате әрекет. Сондықтан мұндай жағдайларға бейжай қарамай, қауіпсіздік ережелерін сақтап, дұрыс әрекет етуге дайын болуымыз қажет», – дейді Бауыржан Мақсотов.  

Үлкен жер сілкінісінің ықтималдығы қандай?  

Ғалымдардың бағалауынша, Алматы маңында болашақта күшті жер сілкінісі болуы мүмкін, себебі бұл табиғи геологиялық процесс. Алайда ешбір ғылыми ұйым “келесі аптада”, “келесі айда” немесе “биыл міндетті түрде болады” деп айта алмайды. Әлеуметтік желідегі дәл осындай болжамдардың ғылыми негізі жоқ.  

Сақтықта қорлық жоқ!  

Алматы – табиғаты әсем, бірақ сейсмикалық қаупі жоғары қала. Бұл қауіп жаңа емес: XIX және XX ғасырдың басындағы жойқын жер сілкіністері соның дәлелі. Дегенмен қазіргі ғылым жер сілкінісінің нақты уақытын болжай алмайды. Сондықтан қауіппен күрестегі ең тиімді жол – дүрбелең емес, дайындық. Қазіргі халықаралық тәжірибе көрсеткендей, адам өмірін сақтайтын негізгі факторлары - сейсмотұрақты құрылыс, ерте ескерту жүйелері, халықтың дайын болуы. Сарапшылардың ортақ ұстанымы да осы: жер сілкінісін тоқтату мүмкін емес, бірақ оның салдарын айтарлықтай азайтуға болады.

Барлық жаңалық