Әнші Бақыт Тұрман әлеуметтік желіде психолог әрі коуч Айнұр Бектұрғанның жарнамалап жүрген әшекей бұйымдарына қатысты пікір білдіріп, оның әрекетін сынға алды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Өнер иесі Айнұр Бектұрғанның сотуарды ерекше мағына жүктеп жарнамалауын құптамайтынын айтып, оны Айнұр Тұрсынбаева мен Ерке Есмаханның жолын қайталап жүр деп бағалады.
«Осы уақытқа дейін сізді тыңдап, халықтың қалтасына қол салмай, тегін кеңес беретін адам екен деп құрметтеп жүр едім. Кейін әйелдерді өз әңгімеңізге қызықтырып, қымбат тренингтер өткізе бастадыңыз. Енді арзан әшекейлерді жоғары бағамен сатқаныңыз дұрыс болмады», – деді Бақыт Тұрман.
Әншінің пікірінше, мұндай әрекеттер адамдардың сеніміне әсер етіп, жалған үміт ұялатады.
«Сіздің жағдайыңыз жаман адамға ұқсамайды. Егер расында бөлісер біліміңіз болса, оны халыққа ақысыз да жеткізуге болады. Сонда ол Алланың разылығы үшін жасалған сауапты іс болар еді», – деді ол.
Сондай-ақ Бақыт Тұрман бүгінде көп адамның аз еңбекпен мол табыс табуға ұмтылатынын айтып, жұртшылықты түрлі жарнамалар мен уәделерге сене бермеуге шақырды.