Жаңалықтар

Қаскелеңдегі қайғылы жағдай: Алты айлық үшемінен айырылған отбасы дәрігерлерді кінәлайды

Қаскелеңдегі қайғылы жағдай: Алты айлық үшемінен айырылған отбасы дәрігерлерді кінәлайды

Қаскелең қаласындағы қайғылы жағдай қоғамды дүр сілкіндірді. 28 жастағы келіншек алты айлық үшемінен айырылып қалды. Марқұм шақалақтардың туыстары БАҚ өкілдеріне болған жайттың мән-жайын түсіндірді. Олар алдын ала берілген медициналық кеңестерге қарамастан дәрігерлердің кесар тілігін жасамағанын алға тартады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

КТК телеарнасының кадрларынан аза тұтқан отбасының ауыр қайғысын көруге болады. Қаралы жанұя полицияға арыз түсіріп істі мұқият тергеуді талап етіп отыр. Ақ халаттылар бұл айыптауды жоққа шығарды. Медицина мамандары сәбилердің шетінеуін мерзімінен бұрын басталған босану процесімен байланыстырады. Дәрігерлер түймедей шақалақтардың денесі толық жетілмегенін айтады.

Осы шулы оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігінде шұғыл жиын өтті. Ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова ана мен бала қауіпсіздігін басты назарға алды. Министр биылғы жылдың 15 тамызына дейін Қазақстан бойынша барлық 69 перзентхананы жаппай тексеруді бұйырды.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына жаңа міндеттер жүктелді. Енді ауруханалар залалсыздандыру және стерилизация жасауға қажетті ресурстармен толық қамтылуы тиіс. Жеке қорғаныс заттары мен заманауи құрал-жабдықтар міндетті түрде болуы керек. Бір реттік медициналық бұйымдарды үзіліссіз жеткізу ісі де қатаң бақылауға алынды.

Барлық жаңалық