Ақын Серікзат Дүйсенғазы желідегі парақшасында жағымсыз хабармен бөлісті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Айтуынша әкесі анасы қайтқалы бері дертке шалдығып, денсаулығы сыр берген.
"Бүгін менің асқартау әкем Мақсұт Дүйсенғазыұлының туған күні. Сексен үш дейтін сеңгірге шықты. Жастайынан ат үстінде жүрген саятшы, мерген, аңшы адам ғой. Өмірдің барлық ыстық-суығын көрген қажырлы азамат болды. Тоқсаныншы жылдары ауыл тоқырауға ұшырағанда жұмыссыз қалса да такси айдап бізді асырады. Тіршіліктің барлығы қалада болған соң екі мыңыншы жылдардың басында амалсыз Семейге көшті. Бірақ ат үстінде жүрген өмірін, туған тауының салқын самалын ұмыта алмай біраз қиналды. Дегенмен анам бар кезде ештеңеге алаңсыз жүретін. Ер азаматқа жасы ұлғайғанда қосағынан айырылған өте қиын болады екен. Кемпірі кеткен соң денсаулығы да сыр бере бастады. Қазір үш айдан асты бір дерт меңдеп төсек тартып жатыр. Әкейдің қазіргі жағдайын жасап отырған Нұрзат ағам мен Ботагөз жеңгем. Біз жұмыс деп, басқа шаруа деп шапқылап барлық қиындықты соларға артып қойдық. Әке алдындағы борышын адал атқарып отырған аға-жеңгеме Алла разы болсын! Көптің тілегінен артық ештеңе жоқ. Әкеме мүмкін болса дұға жасап қойыңыздаршы. Дертінен құлан-таза айығып, ортамызда отырса біз үшін ең үлкен бақыт сол", - деп жазды ол.
Оқырмандар тезірек сауығуын тілеп, ақынға қолдау білдірді.