Каспий құбыр консорциумы мұнай тасымалдаушылардан шикізат қабылдауды қайта қолға алды. Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы жүк жөнелту жұмыстары да жанданды. Бұл хабарды Қазақстанның Энергетика министрлігі таратты. Терминал жұмысының қайта басталуы мұнай өндіруші мекемелерге құбыр жүйесіне шикізатты кедергісіз жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша теңіз айлағы арқылы өтетін экспорт толық қалпына келмек, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қазіргі уақытта екі бірдей айлақтық қондырғыда қызу жұмыс жүріп жатыр. Онда "SEAMAJESTY" және "MILOS" танкерлеріне шикізат тиелуде. Аталған қос кеме "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнайын қабылдап жатыр.
Алдағы уақытта барлық операциялар қазіргі ахуалды ескере отырып жүргізіледі. Бұл ретте қажетті қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау басты назарда тұр.
Ведомство өкілдері консорциум басшылығымен және ірі жүк жөнелтушілермен үнемі байланыста отыр. Процеске қатысушы басқа да тараптармен бірлескен әрекет тоқтаған емес. Министрлік қазақстандық мұнайдың үздіксіз тасымалдануын қамтамасыз ету мақсатында жағдайды бақылауда ұстап отыр. Осы бағыттағы тиісті іс-әрекеттерді үйлестіру жалғаса береді.