Отандық ерлер киімін шығаратын Shoqan бренді әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен жарнамалық бейнероликке байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұған дейін компания «Борат» фильміндегі кейіпкердің бейнесі қолданылған видеоны жариялап, қоғамның сынына ұшыраған болатын. Көпшілік мұндай образдың қазақ халқының абыройына нұқсан келтіретінін және оны жарнамалық мақсатта пайдалануға болмайтынын айтып, наразылық білдірді. Кейіннен бейнеролик әлеуметтік желіден өшірілді.
Оқиғадан кейін Shoqan бренді мен оның иесі Ұлықбек Шәріпов ресми парақшаларында түсініктеме жариялады. Компания өкілдерінің айтуынша, дау тудырған видео бірнеше ай бұрын жарияланған және қазіргі таңда толықтай жойылған.
Бренд мәлімдемесінде «Борат» бейнесін қолданудағы мақсат хайп жасау немесе Қазақстанға, қазақ халқына, ұлттық мәдениетке және мемлекеттік тілге құрметсіздік таныту болмағаны атап өтілген.
«Кез келген адам да, кез келген компания да қателесуі мүмкін. Ең маңыздысы – қателікті мойындап, одан сабақ алып, қайталамауға тырысу», – делінген компанияның мәлімдемесінде.
Сонымен қатар Shoqan өкілдері өздерінің әлеуметтік жобаларға да үлес қосып жүргенін айтты. Атап айтқанда, компания қазақ және ағылшын тілдерінде білім беретін мектеп ашып, онда аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылардың 40 пайызына грант қарастырылғанын хабарлады. Сондай-ақ бренд алдағы уақытта қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыруға уәде берді.
Алайда компанияның бұл мәлімдемесі де әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырды. Бірқатар қолданушы брендтің қателігін мойындап, кешірім сұрауын оң бағалап, отандық өнім өндірушіні қолдау қажет екенін айтты. Ал енді бір бөлігі ұлттық намысқа тиетін жарнама жасағаннан кейін әлеуметтік жобаларды алға тарту орынсыз екенін айтып, компанияны сынға алды.