Семейде әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Алдын ала мәлімет бойынша, 52 жастағы Айжан Баяхметоваға күйеуі бейсбол битасымен бірнеше мәрте соққы жасап, оқиға орнында мерт қылған. Тергеу деректеріне сәйкес, әйелдің денесінен 28 соққының ізі анықталған. Жақындарының айтуынша, қайғылы оқиғаға ерлі-зайыптылардың ажырасу туралы шешімі түрткі болған болуы мүмкін.
Марқұмның туыстарының сөзінше, әйел ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Олар күдіктінің ішімдік ішкен кезде жиі жанжал шығарып, жұбайына қысым көрсеткенін айтады.
«Сот-медициналық сараптаманың қорытындысында 27-28 соққы жасалғаны көрсетілген. Басынан ұрған, қабырғаларын, саусақтарын, жамбасын сындырған. Денесінің бәрі көгеріп кеткен», – дейді марқұмның туысы Жанна Нұрғазинова.
Жақындарының айтуынша, биыл сәуір айында ерлі-зайыпты өзара келісіммен ажырасуға уағдаласқан. Алайда арада бірнеше күн өткен соң күдікті үйге келіп, жанжал шығарып, әйелі мен балаларының киімдері мен құжаттарын өртеп жіберген көрінеді. Сондай-ақ ол жұбайының соңынан аңдып жүрген деген мәлімет бар. Туыстарының пікірінше, күдікті әйелдің жұмыстан шығуын күтіп, қылмысты алдын ала жоспарлаған.
Марқұмның туыстары істің жан-жақты тергелуін талап етіп отыр. Олардың айтуынша, бұл оқиғаға тек адам өлтіру емес, аңду (сталкинг) мен ұзақ уақытқа созылған зорлық-зомбылық фактілері де құқықтық тұрғыдан бағалануы қажет. Сондай-ақ олар күдіктіге заң аясындағы ең қатаң жаза тағайындалуын сұрайды.
Қылмыс жасағаннан кейін оқиға орнынан бой тасалаған күдікті көп ұзамай полиция қызметкерлері тарапынан ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.
Бұл қайғылы оқиға отбасының екі кәмелетке толмаған баласына ауыр соққы болды. Жақындарының айтуынша, 12 жастағы қызы анасының қазасынан кейін тұтығып сөйлей бастаған, ал 16 жастағы ұлына жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылған.