Жаңалықтар

"Көз алдыма өз анам келді": Алматылық жеткізуші зейнеткердің үш мың долларын алаяқтардан сақтап қалды

"Көз алдыма өз анам келді": Алматылық жеткізуші зейнеткердің үш мың долларын алаяқтардан сақтап қалды

Алматылық курьер қарт кісінің бар жиған-тергенін алаяқтардан құтқарып қалды. Нартай Есімханов есімді азаматтың қырағылығы арқасында зейнеткер үш мың доллар қаражатынан айырылған жоқ, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Оқиға желісі телефон арқылы басталған. Алаяқтардың сөзіне сеніп қалған кейуана оларға ақшаны беріп жібермек болады. Қаскөйлер бұл соманы заңдастырып "декларациялау" қажет деп алдаған екен. Зейнеткер қаражатты тапсырыс орындаушының қолына табыстайды.

Алайда курьер әжейдің қатты уайымдап тұрғанын бірден байқайды. Күдікті жайтты сезген ол дереу полицияға хабарласқан. Тәртіп сақшылары мән-жайды тексеріп, қарт кісіні алдамақ болғандардың ісін әшкереледі. Осылайша қомақты қаражат өз иесіне аман-есен қайтарылды.

Алматы қалалық полиция департаменті Нартай Есімхановты азаматтық жауапкершілігі мен бейжай қарамағаны үшін арнайы марапаттады. Жігіт бұл әрекетін қарапайым адамгершілікпен түсіндіреді.

"Маған бұл әже қатты обал көрінді. Сол сәтте көз алдыма өз анам келді. Оның орнында менің анам болса қайтер едім деп ойладым" дейді жанашыр азамат.

Барлық жаңалық