Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусынан көз жұмғандар саны 1405 адамға жетті. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, зертханалық расталған науқастар саны 3200-ге жуықтады.
Соңғы бір тәулікте тағы 125 адамнан вирус анықталып, 51 адамның қайтыс болғаны расталды. Қазіргі таңда 773 адам дәрігерлердің бақылауында.
Неліктен індет тез таралып жатыр?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, бұл жолғы індетке Bundibugyo штамы себеп болып отыр. Бұл штамға қарсы бекітілген вакцина мен арнайы емдеу тәсілі әлі жоқ. Індет 15 мамырда басталып, бүгінде Конгоның бес провинциясына тараған. Мамандар індеттің күшеюіне бірнеше фактор әсер еткенін айтады. Атап айтар болсақ, қарулы қақтығыстар салдарынан дәрігерлердің барлық аймаққа жете алмауы, халықтың медицина қызметкерлеріне сенімсіздігі, байланыста болған адамдарды толық анықтаудың қиындығы, шалғай елді мекендердегі медициналық көмектің жеткіліксіздігі.
ДДСҰ не дейді?
ДДСҰ бұл жағдайды Халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп жариялаған. Ұйым Конго мен көршілес елдерде эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп, науқастарды оқшаулау, байланыста болғандарды анықтау және шекаралық бақылауды күшейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар жаңа вакцина мен емдеу тәсілдері клиникалық сынақтан өткізілуде.
Бұл індеттің ерекшелігі – вирус бұрынғыдан жылдам таралып, денсаулық сақтау жүйесі әлсіз аймақтарға жайылып отыр. Сарапшылардың пікірінше, індетті тоқтатудың негізгі жолы – ерте анықтау, науқастарды оқшаулау, байланыста болғандарды бақылау және халықаралық көмекті күшейту. Әйтпесе Эбола Африкадағы соңғы жылдардағы ең ірі індеттердің біріне айналуы мүмкін.