Қазақстанда KAZ Minerals компаниясының Ақтоғайдағы мыс балқыту зауытының құрылысы басталды. Жобаның құны 1,8 млрд долларды құрайды. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге қауқарлы болады. Алғашқы өнімді 2030 жылы шығару жоспарланған.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев жобаның басталуы мен мыс концентратын қайта өңдеу тарифін есептеудің жаңа әдістемесі бекітілуіне назар аударды. Екі оқиға да 20 қазанда болды.
Жаңа әдістеме қайта өңдеу тарифін есептеу кезінде өндірістік шығындар мен нормативтік пайдадан бөлек, кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа өндіріс орындарын салуға жұмсалатын инвестицияларды да ескеруге мүмкіндік береді. Сарапшының пікірінше, бұл Қазақстанда мыс өңдейтін зауыттар салуға экономикалық жағдай жасауы мүмкін.
KAZ Minerals-тің жобасы бірнеше рет өзгерген. 2015 жылы компания басшылығы Қазақстанда мыс концентратын өз күшімен өңдеуді қолдағанымен, 2017 жылы зауыт салудан бас тартты. Ол кезде жобаға қатысты зерттеулерге жұмсалған 16 млн доллар есептен шығарылған.
Компания бұл шешімін өндірістің экономикалық тиімсіздігімен түсіндіріп, концентратты Қытайдағы зауыттарда өңдеуді жөн көрді.
2024 жылы KAZ Minerals құрылыс жоспарын қайта жариялады. Сол кезде жоба 1,5 млрд долларға бағаланған болатын. Қазір оның құны 300 млн долларға өсті, ал алғашқы өнім шығару мерзімі 2030 жылға белгіленді.
Жобаны іске асыруға мемлекеттік қолдау да қарастырылған. Зауыт ірі серпінді жобалар тізіміне енгізіліп, Қазақстанның Даму Банкі арқылы ұзақ мерзімді қаржыландыру мүмкіндігі зерттеліп жатыр. Алайда несие мақұлданғаны туралы ресми ақпарат әзірге жоқ.
Айбар Олжаевтың пікірінше, жаңа әдістеме Қазақстандағы мыс концентратын қайта өңдеу нарығына инвестиция тартуға ықпал етуі мүмкін. KAZ Minerals жобасы осы өзгерістер жағдайында жүзеге асырылып жатқан ірі бастамалардың бірі саналады.