Жаңалықтар

«Қолыңызда болу керек»: Электронды құжатты танымаған полицей желіде қызу талқыға түсті

«Қолыңызда болу керек»: Электронды құжатты танымаған полицей желіде қызу талқыға түсті

Әлеуметтік желілерде полиция қызметкері мен жүргізуші арасындағы түсініспеушілік бейнеленген видео тарап, қоғамда үлкен талқы тудырды. Оқиға барысында тәртіп сақшысы азаматтың Kaspi қосымшасындағы электронды құжатын қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартып, жүргізуші куәлігінің міндетті түрде қағаз нұсқада («қолда») болуын талап еткен, деп хабарлайды ozgeris.info сайты gosrating арнасына сілтеп

Тараған бейнежазбадан инспектордың жүргізушіге бірнеше рет «Өзіңізбен бірге болу керек, қолыңызда болу керек» деп ескерту жасағанын анық байқауға болады. Жүргізуші құжаттың электронды нұсқасы бар екенін айтып түсіндіруге тырысқанымен, полиция қызметкері бұл уәжге құлақ аспаған. Тіпті, арнайы қызметтік планшетті пайдаланып базадан тексерудің орнына, әкімшілік хаттама толтыратынын айтып ескерту жасайды.

Айта кетейік, тәртіп сақшысының бұл әрекеті Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына тікелей қайшы келеді. Өйткені елімізде электронды құжаттар әлдеқашан толық заңды күшке ие болған:

  • 2021 жылдың 13 ақпанынан бастап Қазақстанда жүргізушілердің өзімен бірге қағаз жүзіндегі куәлік пен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті (техпаспорт) алып жүру міндетін жоятын заңнамалық түзетулер күшіне енген.

  • Мемлекеттік және банк қосымшалары (eGov Mobile, Kaspi.kz, Halyk) арқылы көрсетілетін электронды құжаттар ресми түрде қағаз түпнұсқалармен теңестірілген.

  • Жүргізушіге құжаттың электронды нұсқасын көрсету немесе жай ғана ЖСН (ИИН) нөмірін айту жеткілікті. Полиция қызметкері өз кезегінде бұл мәліметтерді өзіне берілген қызметтік планшет арқылы ортақ базадан тексеруге міндетті.

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі саналатын Қазақстанда мұндай жағдайдың орын алуы көпшіліктің наразылығын тудырды. Желі қолданушылары бұл инцидентті кейбір құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындығындағы олқылықтармен байланыстырып отыр.

Бұл жағдай цифрлық сауаттылықты тек қарапайым халық арасында ғана емес, заң күзетінде жүрген полиция қызметкерлері арасында да тұрақты түрде арттырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігін айқын көрсетіп берді. Ал заңсыз талапқа тап болған жүргізушілердің мұндай жағдайда қолданыстағы заңнамаға сүйене отырып, патрульдік полиция әрекетіне шағымдануға толық құқығы бар.

Барлық жаңалық