Қазақстандық әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желіде әкесімен арадағы қарым-қатынасы туралы сыр бөлісіп, көпшілікке жүрекжарды үндеу жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер иесі бала кезінде ата-анасының екі жаққа кеткенін айтып, арада ондаған жыл өткен соң әкесімен қайта қауышқанын жеткізді.
«Менің өмірім сіздердің көз алдарыңызда өтіп жатыр. 4-5 жасар бала күнімде ата-анам екі жаққа кетті. Мұны "артық драма" дерсіз, бәлкім. Бірақ арада 40 жыл өткенде, мен әкеммен қайта қауыштым. Сол сәтте ғана екі қанатым түгенделіп, жүрегім толыққандай күй кештім», – деп жазды Айгүл Иманбаева.
Сондай-ақ ол ата-анасымен арада өкпе-реніші бар жандарға кеш болмай тұрғанда татуласуға кеңес берді.
«Егер сіздің де басыңызда осындай өкініш пен өкпе болса, менің тағдырым сізге сабақ болсыншы. Кеш болмай тұрғанда, ата-анаңыздың көзінің тірісінде жүректегі өкпені жіберіп, кешіріңіз. Кешірім сұрап та үлгеріңіз. Себебі шынайы кешірім, адамға шексіз бақыт пен жан тыныштығын сыйлайды», – деді әнші.