Қазақстанның Қаржы министрлігі халықаралық нарықта жаңа бес жылдық еурооблигацияларды сәтті орналастырды деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.Алдын ала мәліметтерге сәйкес, табыстылық шамамен 4,35% деңгейінде қалыптасып, АҚШ-тың қазынашылық облигацияларымен айырмашылық небәрі 0,8 пайыздық тармақты құрады. Бұл Қазақстан тарихындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Қазір сауда әлі жалғасып жатқанымен, нарықтың реакциясы бір жайтты анық көрсетті: инвесторлар Қазақстанды ресми рейтингінен де жоғары бағалайды. Біздің қағаздар Францияның мемлекеттік облигацияларынан да тиімді, ал табыстылық деңгейі Катармен (AA) шамалас.
Мұндай сенім кездейсоқ емес. Шетелдік инвесторлар Қазақстандағы фундаменталды өзгерістерді байқап отыр: Күрделі салық реформасы іске қосылды және оның әсері ұзақмерзімді;Мемлекеттік қарыз деңгейі тұрақты шамамен ЖІӨ-нің 23%-ы;Ұлттық банктің резервтері $55 млрд-тан асады;Бюджет тапшылығы төмендеп келеді.
Ішкі аудитория көбіне бұл өзгерістердің маңызын бағаламаса да, халықаралық нарық оны нақты түрде төмен табыстылық пен жоғары сұраныс арқылы мойындап отыр.Сарапшылардың айтуынша, шетелдік портфельдік инвестициялар ел экономикасы үшін аса маңызды. Себебі ішкі жинақ пен үй шаруашылықтарының қаражаты мұндай ұзақ мерзімді, валюталық өтімділікті қамтамасыз ете алмайды.
Инвесторлар сөзбен емес, ақшамен дауыс береді. Олар Қазақстанның институционалдық сапасына, макроэкономикалық тұрақтылығына және фискалдық тәртіпке сенім білдіруде.4,35% деңгейіндегі орналастыру бұл А-класс елдерінің қатарына тең деңгейде бағаланған көрсеткіш. Яғни, халықаралық нарық Қазақстанның соңғы жылдардағы реформаларының тиімділігін нақты растады.