«Қазақмыс» Ұлытау облысында кардиохирургиялық көмекті дамытуға үлес қосуда деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
«Қазақмыс» корпорациясы өзінің өндірістік қызметін жүргізетін өңірлерде денсаулық сақтау саласын қолдауды жалғастырып келеді. Сол бастамалардың бірі – «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС базасында кардиохирургиялық көмекті дамыту.
2026 жылдың 5–7 наурыз аралығында медициналық орталықта жүрек-қантамыр жүйесінің күрделі ауруларына шалдыққан науқастарға кезекті кардиохирургиялық операциялар жасалды. Ота жұмыстарын еліміздің жетекші мамандарынан құралған University Medical Center (UMC) командасы жүргізді. Жоба Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Биыл «Қазақмыс» корпорациясы кардиохирургиялық қызметті дамыту және жоғары технологиялық операцияларды жүргізу үшін қосымша 447 миллион теңге бөлді. Бұл қаржы медициналық орталықтың мүмкіндігін кеңейтіп, күрделі операцияларды пациенттерді республикалық клиникаларға жібермей-ақ жергілікті жерде жасауға жағдай жасады.
Қазіргі уақытта орталықта 16 аортокоронарлық шунттау операциясы сәтті орындалды. Бұл Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызды қадам болып саналады, өйткені жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттерге жоғары деңгейдегі медициналық көмек көрсетудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр.
Айта кету керек, бұл операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүргізіледі. Соның арқасында өңір тұрғындары жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін ала алады.
Кардиохирургиялық қызметтің дамуы өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітімді азайтуға, науқастардың басқа өңірлерге бару қажеттілігін төмендетуге және жоғары технологиялық медицинаның қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, өңірде кардиохирургияның дамуы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметкерлерінің денсаулығын қорғау үшін де маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар медициналық қызметтерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етіп, Жезқазған медициналық орталығының облыстық кардиологиялық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтады.
«Қазақмыс» корпорациясы үшін денсаулық сақтау саласын қолдау – компанияның әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бағыты. Медициналық инфрақұрылымға салынған инвестициялар өңір тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді медициналық көмектің артуына ықпал етеді.