Спорт

Қазақстандық велошабандоздар Азия Пара ойындарында төрт медаль жеңіп алды

Қазақстандық велошабандоздар Азия Пара ойындарында төрт медаль жеңіп алды

Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан V жазғы Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы велоспорттан екі алтын және екі күміс медаль иеленді, деп хабарлайды Ozgeris.info

Ерлер арасындағы В класындағы 65 шақырымдық шосселік жарыста Наиль Ермұханбет пилот Руслан Алиевпен бірге мәреге бірінші болып жетті. Қазақстандық спортшылар қашықтықты 2 сағат 1 минут 21 секундта бағындырып, алтын медаль жеңіп алды. Бұл жарыста күміс жүлде де Қазақстан құрамасының еншісіне бұйырды. Кирилл Илюкевич пилот Глеб Брусенскиймен бірге 2 сағат 11 минут 42 секунд нәтиже көрсетіп, екінші орынға ие болды.

Әйелдер арасындағы 55 шақырымдық шосселік жарыста да қазақстандық спортшылар үздік нәтиже көрсетті. Анастасия Калаус пилот Полина Братчикова екеуі 2 сағат 5 минут 47 секундта мәреге жетіп, алтын медаль иеленді. Ал Жұлдыз Қайнарова пилот Анжелла Соловьёвамен бірге 2 сағат 9 минут 43 секунд нәтиже көрсетіп, күміс жүлдегер атанды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы ерлер мен әйелдер арасындағы шосселік жарыстарда алтын және күміс медальдарды қатар жеңіп алды. Нәтижесінде ұлттық құрама қоржынына бір күнде төрт жүлде қосылды.

V жазғы Азия Пара ойындарының жетінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының еншісіндегі медаль саны 47-ге жетті. Оның ішінде 12 алтын, 15 күміс және 20 қола медаль бар.

Барлық жаңалық