Мемлекет басшысы «Болашақ ойындары – 2026» сайысының ашылу салтанатында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда.
«Ең алдымен, бәріңізге елордамыз – Астанаға шын жүрегіммен қош келдіңіздер деймін!
Бүгін біз «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын мағынасы айрықша тарихи іс-шара.
Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл – зор мәртебе», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ресей Президенті Қазақстанға және барша спортшыларға арнайы құттықтау жолдағанын атап өтті.
«Ыстық ықыласы үшін Ресей көшбасшысы – Владимир Владимирович Путинге зор ризашылығымды білдіремін.
Бүгінгі салтанатты рәсімге Тәжікстан Президенті Эмомали Шарипович Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Нургожоевич Жапаров қатысып отыр. Бауырлас елдердің басшыларына және ресми делегация жетекшілеріне алғыс айтамын.
Баршаңызға мәлім, «Болашақ ойындары» – Ресейдің бастамасымен жүзеге асқан жоба. Бұл жобаның сәтті іске асуы Президент Владимир Путиннің арқасы деуге толық негіз бар. Аз уақыт ішінде бұл жарыс жаһандық деңгейдегі сайысқа айналды.
Бірінші дода Қазан қаласында өтіп, содан кейін Абу-Дабиде жалғасын тапты», деді Мемлекет басшысы.