Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Freedom Bank картасын пайдаланатын қазақстандықтар арасында «кэшбекке салық салынады», «барлығы инвестор болып кетіпті», «енді міндетті түрде 270-нысан тапсыру керек» деген ақпарат қызу талқыланып жатыр. Бұл қаншалықты рас? Қысқасы, ең бастысы – кэшбектің өзіне салық салынбайды. Бірақ мәселе кэшбекте емес, оның қандай форматта берілетінінде, - деп жазады Ozgeris.info.
Freedom Bank-тің адалдық бағдарламасы бойынша клиенттің келісімімен кэшбек теңгемен есептелгеннен кейін Freedom инвестициялық валютасына (ETN) айырбасталуы мүмкін. Яғни бұл кәдімгі ақша емес, инвестициялық құрал ретінде рәсімделеді. Сол себепті кейбір клиенттерде брокерлік шот автоматты түрде ашылады.
Осыдан кейін көпшіліктің «бәріміз инвестор болып кеттік пе?» деген сұрағы туындады. Шын мәнінде, ETN алған адам инвестициялық өнімнің иесі ретінде есепке алынуы мүмкін. Сондықтан белгілі бір жағдайларда бұл активті декларацияда көрсету міндеті пайда болады. Бірақ декларация тапсыру – салық төлеу деген сөз емес. Freedom Bank те өз түсіндірмесінде Freedom валютасына салық төленбейтінін, тек декларациялау талабы болуы мүмкін екенін айтады. Осы мәселе бойынша аталған банктің қолдау қызметіне хабарласып көрдік. Олардың берген жауабы мынадай болды:
«Сәлеметсіз бе! Бұл - Freedom Bank қолдау қызметі, менің есімім Сымбат. Назар аударыңыз! Freedom инвестициялық валютасы AIX биржасында саудалатын және МФЦА-да тіркелген биржалық нотада (ETN) ұсынылған. МФЦА заңдарына сәйкес, бұл құрал бағалы қағаз ретінде есептеледі және декларациялауды талап етеді. ETN-нан түскен кіріс салықтан босатылған, себебі бұл бағалы қағаз AIX биржасының ресми тізіміне енген. Клиенттерге тек декларация тапсыру қажет, салық төлеу міндетті емес»,– деді қолдау қызметінің өкілі Сымбат.
Әлеуметтік желіде тараған тағы бір жаңсақ пікір – «Freedom картасы барлардың бәрі 270-нысан тапсырады» деген сөз. Бұл да толық дұрыс емес. 270-нысанды Қазақстан заңнамасына сәйкес декларация тапсыруға міндетті азаматтар ғана береді. Ал Freedom валютасы бойынша декларация қажеттілігі көбіне адамның ETN алған кезеңіне және онымен қандай операциялар жасағанына байланысты анықталады. Мысалы, банк 2025 жылы Freedom валютасын алып, оны пайдаланған азаматтарға 2026 жылы 270-нысанды тапсыру қажет екенін түсіндірген. Ал Freedom валютасы тек 2026 жылы ғана қосылып, кэшбек сол жылы түсе бастаса, декларация мәселесі келесі есептік кезеңге ауысады.
Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті 270-нысанды декларацияны барлық азамат емес, заңда белгіленген санаттағы тұлғалар тапсыратынын еске салады. Жалпыға бірдей декларациялау кезеңдері мен кімдердің декларация беруге міндетті екені заңмен нақты айқындалған.
Мәселенің байыбына бармай, байбалам салудың қажеті жоқ!
Әлеуметтік желідегі «Freedom Bank кэшбегі үшін салық төлейсің» деген ақпарат шындыққа толық сәйкес келмейді. Кэшбектің өзі салық салынатын табыс емес. Алайда кэшбек ETN түрінде рәсімделген жағдайда ол инвестициялық актив ретінде декларациялау талаптарына түсуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде «салық» пен «декларацияны» шатастырмаған жөн. Бүгінгі таңда барлық банктің қолдау қызметі жылдам жұмыс істейді. Банк операторы сіздің кез келген сұрағыңызға жауап береді. Егер сіздің шотыңызға Freedom инвестициялық валютасы есептелген болса, өз жағдайыңызға қатысты міндеттемені банк қосымшасынан немесе Мемлекеттік кірістер комитетінен нақтылап алған дұрыс.