Спорт

“Қайрат” өткен маусымдағы ерлігін қайталай ала ма?

“Қайрат” өткен маусымдағы ерлігін қайталай ала ма?

Алматылық «Қайрат» Конференциялар лигасының іріктеу кезеңінде өз алаңында «Омонияға» қарсы мінез көрсетті. Алғашқы кездесуде кипрлік клуб бір ойыншы кем қалғанына қарамастан жеңіске жеткен еді. 

Бұл жолы да сценарий қайталанды: Какоулис қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Алайда сан басымдығын пайдалану оңайға соқпады. Кездесудің 37-минутында Эдмилсон есеп ашып, қос матчтағы таразыны теңестірді. Қапталда Юккалас белсенді ойнап, шабуылдарды жиі үдетті. Жалпы алғанда «Қайрат» ойынды толық бақылауда ұстап, қарсылас қақпасына үздіксіз қысым жасады. Бекболаттың бірнеше қауіпті мүмкіндігі болды, алайда олар голға айналмады.

Статистика алаң иелерінің басымдығын анық көрсетті. Негізгі уақытта «Қайрат» қақпаға 30 соққы жасап, оның 6-еуі дәл бағытталды. Ал «Омония» небәрі 3 соққымен шектеліп, қақпаға бірде-бір дәл соққы жасай алмады. Бұл алматылықтардың ойын жағынан басым болғанын дәлелдейді.

77-минутта Оксанен гол соққанымен, төреші офсайд тіркеді. Кейін Гуальдың да матч тағдырын шешуге тамаша мүмкіндігі болды, бірақ оны пайдалана алмады. Осылайша кездесу экстра-таймға ұласты.

Қосымша уақытта да «Қайрат» басымдыққа ие болды. Допқа талас кезінде Сеноу Кулибали екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылған соң алматылықтар екі ойыншыға артық қалды. Дегенмен бұл артықшылықты да голға айналдыру әзірге мүмкін болмай тұр. 115-минуттағы ең қауіпті сәтте қарсылас қақпашысы Фабиано өз командасын құтқарып қалды.

Әзірге бір нәрсе анық: «Қайрат» ойын сапасы жағынан «Омониядан» басым көрінді. Бірақ еурокубоктарда статистика емес, гол шешеді. Егер алматылықтар осы қысымды нақты нәтижеге айналдыра алса, өткен маусымдағы жарқын жорығын қайталауға тағы бір қадам жақындайды. Осылайша ойын тағдыры пенальти сериясында шешілетін болды. «Қайрат» ойын жағынан толық басымдық танытқанымен, оны есепке айналдыра алмады. Енді алматылықтардың өткен маусымдағы еурокубоктық ерлігін қайталай ала ма, жоқ па – бәрі тағы да Темірлан Анарбековтің пенальти сериясындағы шеберлігіне байланысты болды. Анарбеков бұлжолы да ерледі.

Құдды бір Дастан Сәтпаевтың жоқтығы сезілгендей әсер қалдырды. «Қайрат» тартымды, шабуылға құрылған футбол көрсетті. Алайда шабуылды голмен түйіндейтін ойыншының жетіспейтіні байқалды. Алдымен бір, кейін екі футболшыға артық ойнаған алматылықтар кездесуді негізгі уақытта-ақ шешуге тиіс еді. Бірақ сансыз мүмкіндікті мүлт жіберіп, матчты пенальти сериясына дейін созды. Бақытына қарай, пенальти сериясында «Қайрат» салқынқандырақ болып, келесі кезеңге жолдама алды. Енді алматылықтарды «Левски» мен «Университатя Крайова» жұбының жеңімпазы күтіп тұр.

Бұл матч «Қайраттың» әлеуеті жоғары екенін көрсетті. Дегенмен келесі кезеңдерде мұндай басымдықты тек ойынмен емес, голмен дәлелдеу қажет. Еурокубокта мүмкіндікті тиімді пайдалану – табыстың басты кепілі. Сондықтан алматылықтар шабуылдағы реализациясын айтарлықтай жақсартуы керек. Сонда ғана өткен маусымдағы жетістігін қайталауға нақты мүмкіндік туады.

Барлық жаңалық