Жаңалықтар

Олжас Бектенов: Президенттік реформалар кең қоғамдық қолдауға негізделген

Олжас Бектенов: Президенттік реформалар кең қоғамдық қолдауға негізделген

Қазақстан шетелдік инвесторлармен бірлесіп жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытпақ. "ДӨО алқабы" жобасы аясында "Firebird AI" компаниясымен 10 миллиард долларлық келісім жасалды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Кездесуде халықаралық іскер топтармен байланысты күшейту мәселелері қаралды. Жиын барысында цифрландыру саласындағы жаңа мүмкіндіктер жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Шетелдік бизнес үшін еліміздегі саяси тұрақтылық аса маңызды. Үкімет басшысы отырысқа қатысушылар назарын бірінші шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияға аударды. Негізгі заңда бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың бір реттік өкілеттік мерзімі нақтыланған. Бұл тізімге Президент, Конституциялық Сот төрағасы мен судьялары, Жоғарғы Соттың төрағасы және Бас прокурор кіреді.

Премьер-министр жиында мынадай мәлімдеме жасады:

"Біздің бүгінгі кездесуіміз еліміз үшін тарихи кезеңде өтіп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан өзінің даму жолында мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституция Әділетті әрі Озық Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформаларды жүйелі түрде жалғастыруға жол ашатын нағыз ұлт Жарғысына айналды. Бүгінде бүкіл құқықтық жүйені қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оның аясында экономиканың дәйекті әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сонымен қатар 1-ші шілде күні жаңа Ата заң күшіне енгеннен кейін еліміздің жаңа мемлекеттік-саяси тұрпатын қалыптастыру процесі басталды. Жаңа заң шығарушы орган Құрылтай сайлауы тағайындалып, жаңа жоғары консультативтік орган Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы құрылды. Сондай-ақ Жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Конституциялық Сот бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың бір реттік өкілеттік мерзіміне қатысты конституциялық норманы қолдану жөнінде түсіндірме берді. Олардың қатарында Президент, Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары, Жоғарғы Сот Төрағасы және Бас Прокурор бар. Конституциялық Сот өз шешімімен нақты әрі дәл түсіндіріп берді. Атап айтқанда, бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін, яғни биылғы 1-ші шілдеден бастап тиісті лауазымдарға тағайындалған немесе сайланған тұлғаларға ғана қолданылады. Құқықтық айқындылықтың қамтамасыз етілуі ішкі және сыртқы аудиторияны толғандырған бірқатар мәселелерді күн тәртібінен алып тастайды. Менің ойымша, бұл саяси-құқықтық жүйенің тұрақтылығы мен болжамдылығына ерекше мән беретін инвесторлар үшін де игілікті қадам болып табылады. Президенттік реформалардың жұртшылық тарапынан жаппай қолдауға ие болып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Соңғы әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне сәйкес, ел азаматтарының 87%-дан астамы Қазақстанның дұрыс бағытта дамып келе жатқанына сенімді. Бұл халқымыздың жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың нақты нәтижесін шын мәнінде сезініп отырғанын көрсетеді. Президенттің саяси бағытына деген қоғамдық қолдау реформаларды алдағы уақытта да табысты жүзеге асырудың маңызды факторы болып табылады. Осылайша, жаңа конституциялық модель мен орнықты реформалар бағыты экономикамызды одан әрі жаңғыртуға, халықаралық серіктестік аясын кеңейтуге және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға берік негіз болып отыр. Құрметті әріптестер, жаңа Конституция аясында Сіздермен арадағы қарым-қатынасымыз да жаңа даму кезеңіне қадам басты. Елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар ұзақмерзімді әрі өзара тиімді серіктестікті дамытуға қуатты серпін беретініне сенімдімін."

Мемлекет басшысының Жарлығымен биылғы 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған. Азаматтардың цифрлық құқықтары Ата заңда ресми бекітілді. Алдағы үш жылға бағытталған "Digital Qazaqstan" стратегиясы қабылданды. Құқықтық базаны күшейту мақсатында Цифрлық кодекс, "Жасанды интеллект туралы" және "Киберқауіпсіздік туралы" заңдар күшіне енді. Трансшекаралық деректер алмасу ісін реттеу үшін "Cloud First Policy" мен "Data Embassy" сияқты заманауи тетіктер іске қосылды. Бизнестің осы бағыттағы сұрақтарын Үкімет жанындағы арнайы цифрлық штаб жедел шешеді.

Бұл жұмыстар жайлы Үкімет басшысы нақты пікір білдірді: "Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев толыққанды цифрлық ел құру міндетін қойып отыр. Цифрлық трансформация мен ЖИ-ді дамыту біз үшін тұрақты экономикалық өсудің, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды элементі. Біз шетелдік әріптестердің еліміздің іскерлік ахуалын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Үкімет өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық саладағы инвесторлармен сындарлы диалогке ашық."

Кездесу барысында Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт пен Америка Сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлих сөз алды. Дипломат екіжақты сауда байланысының жоғары деңгейін айрықша бағалады. Ол бұлтты технологиялар, трансшекаралық деректерді беру және дербес ақпаратты өңдеу мәселесіндегі ашық диалогтың маңызын айтты.

Халықаралық ұйымдардың атынан бірқатар маман өз ұсыныстарын ортаға салды. "Baker McKenzie" серіктесі және "AmCham" Цифрландыру комитеті кеңесінің мүшесі Андрей Ёрш, "Apple" компаниясының аймақтық өкілі Әділхан Қопабаев жиынның маңызына тоқталды. "Siemens Kazakhstan" бас директоры Дияс Асанов пен "Honeywell" компаниясының Орталық Азиядағы президенті Артур Нигматьянов та пікір алмасуға қатысты. Олар онлайн-платформаларды реттеу, киберқауіпсіздік, өнеркәсіпті цифрландыру және жаңа кодексті іс жүзінде қолдану жайын көтерді.

Бұл сұрақтарға жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов пен мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов жауап берді. Олар қазіргі атқарылып жатқан нақты жұмыстарды баяндады.

Жиын соңында Үкімет басшысы Қазақстанның ұзақмерзімді инвестициялар үшін қашанда ашық әрі тұрақты мемлекет болып қалатынын жеткізді. Үкімет инновациялық инфрақұрылымды дамытып, пайдаланушылар қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге дайын екенін білдірді. Жауапты мемлекеттік органдарға айтылған барлық ұсыныстарды мұқият зерттеп, жұмыс барысында назарға алу тапсырылды.

 

 

Барлық жаңалық