Жаңалықтар

Астаналық қос жігіт қылмыскерлерге көмектесіп зейнеткерді тақырға отырғызған

Астаналық қос жігіт қылмыскерлерге көмектесіп зейнеткерді тақырға отырғызған

Астана қаласында алаяқтардың сыбайласы болған 19 және 21 жастағы екі жігіт құрықталды. Олар телефон арқылы жұртты алдайтын қылмыскерлерге ұрланған қаражатты шешіп алуға көмектескен. Тергеу мәліметі жас жігіттердің тікелей дроппер қызметін атқарғанын көрсетеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Қылмыстық топтың құрығына 78 жастағы зейнеткер ілінген. Белгісіз адамдар қарияға қоңырау шалып өздерін мемлекеттік орган мен банк қызметкеріміз деп таныстырады. Сенімге кірген қаскөйлер әжейді барлық жинаған ақшасын шотқа аударуға көндіреді. Тіпті алданған қария өзінің бағалы әшекейлерін сатып одан түскен қаражатты да жат адамдарға жіберген.

Тәртіп сақшылары бұл ақша түскен банк шоттарының иелерін тез арада анықтады. Ұсталған елордалық тұрғындар белгілі бір сыйақы үшін өздерінің шоттарын, SIM-карталарын және ұялы телефондарын қылмыскерлерге беріп отырған. Сонымен қатар олар банк қосымшалары мен криптобиржада арнайы аккаунттар ашып бергені белгілі болды.

Күдіктілердің бірінің банк картасына 1 миллион теңге түскен. Ал екіншісінің шотына 2,5 миллион теңге аударылған. Қазіргі уақытта екі азаматқа қатысты дропперлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Барлық жаңалық