Қоғам

«Мектепке жол» қайда апарады? Шымкент пен Атырауда ата-аналар әлеуметтік көмекке қатысты наразылық білдіруде

«Мектепке жол» қайда апарады? Шымкент пен Атырауда ата-аналар әлеуметтік көмекке қатысты наразылық білдіруде

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы апта қалды. Ата-аналар мектеп формасын, аяқ киімін, сөмкесі мен кеңсе тауарларын түгендеп әлек. Ал әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар үшін бұл шығынның салмағы одан да ауыр. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетілетін «Мектепке жол» көмегі көп отбасы үшін жай ғана әлеуметтік төлем емес, баласын мектепке дайындауға мүмкіндік беретін нақты қолдау. Алайда биыл Шымкент пен Атырау өңірлерінде осы көмекке қатысты ата-аналардың наразылығы пайда болды. Көпбалалы және әлеуметтік көмекке мұқтаж ата-аналардың айтуынша, өтініш бергенімен, кейбіріне бас тарту туралы жауап келген.

Ең басты сұрақ – неге? 

«Мектепке жол» акциясының мақсаты әлеуметтік осал санаттағы балаларға оқу жылына дайындалуға көмектесу екені ресми түрде көрсетілген. Мысалы, Шымкент қаласының білім басқармасы акцияға атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасыларды, жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларды, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған отбасыларды қамтитынын хабарлаған. Яғни, әлеуметтік көмекке өтініш берген адамның «көпбалалы отбасымын» деуі автоматты түрде төлем тағайындалады дегенді білдірмейді. Мұнда отбасының табысы, әлеуметтік мәртебесі және қолданыстағы талаптарға сәйкестігі ескеріледі.

Бірақ дәл осы жерде ата-аналардың көңілінде сұрақ туындайды. Егер отбасы өзін әлеуметтік тұрғыдан осал санатқа жатқызса, ал жүйе өтінішті қабылдамаса, бас тартудың нақты себебі қандай? Ата-аналарға тек «бас тартылды» деген жауап емес, оның қандай критерийге байланысты қабылданғаны түсінікті түрде көрсетілуі маңызды.Өйткені әңгіме баланың мектепке дайындығы туралы болып отыр.

Бір балаға қанша теңге бөлінеді? 

2026 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болып белгіленді. Сондықтан биыл «Мектепке жол» аясындағы бір балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері де 50 851 теңге деңгейінде екені айтылуда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жоғары.Алайда ата-аналар үшін мәселе тек ақшаның көлемінде емес. Ең алдымен, осы көмекке шынымен мұқтаж отбасылардың одан тыс қалмауы маңызды. 

Бір балаға мектеп формасы, аяқ киім, сөмке, дәптер, кеңсе тауарлары және басқа да қажетті заттарды алу үшін қазіргі бағамен 50 мың теңге де аса үлкен қаражат емес. Оның үстіне бір отбасында екі-үш немесе одан да көп бала мектепке барса, шығын бірнеше есеге өседі. Бұған дейін де «Мектепке жол» аясындағы төлем мөлшері қоғамда талқыланған. Мәселен, 2023 жылы 450 мың балаға көмек көрсетіліп, бір балаға ең төменгі төлем 40 567 теңге болған. Сол кезде ата-аналар бұл қаражаттың мектепке толық дайындалуға жеткіліксіз екенін айтқан еді.

Ал «Мектепке жол» акциясының қолжетімділігіне қатысты әлеуметтік желі қолданушысы да өз тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қарапайым киім-кешек пен қажетті заттардың өзіне қомақты қаражат жұмсалады.

«Балаларды дайындау үшін базарға келдім. Ақшаны барынша үнемдегеннің өзінде 70-80 мың теңге кетеді. Ал әлеуметтік көмек алу үшін платформа арқылы онлайн өтініш беру керек. Әлеуметтік көмек болса, неге оны халыққа барынша жеңілдетпеске? Көп адамның онлайн өтініш беруге мүмкіндігі немесе сауаты жете бермейді. Қаншама ана департаменттен департаментке барып, сандалып жүр.

Мемлекет тарапынан балалардың киіміне қаражат бөлінеді. Бірақ оны алу үшін адамдарға тағы да онлайн өтініш беріп, түрлі рәсімдерден өтуге тура келеді. Әр мектеп қай баланың шынымен мұқтаж екенін біледі ғой. Неге сол балалардың тізімін мектептің өзі жинап, қаражатты автоматты түрде жыл сайын аудармасқа? Әр мектеп баланың сол жерде оқитынын да, отбасының жағдайын да біледі емес пе?» — дейді әлеуметтік желі қолданушысы. 

Бұл пікір «Мектепке жол» секілді әлеуметтік бағдарламалардың тек қаржы бөлуімен шектелмей, оны алушыға жеткізу механизмі де барынша қарапайым болуы керектігін көрсетеді. Шын мұқтаж отбасыларға көмек керек болғанымен, сол көмекті алу үшін бірнеше мекеменің есігін қағу немесе күрделі онлайн рәсімдерден өту олардың мәселесін одан әрі қиындатуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік көмекті проактивті форматқа көшіру мәселесі орынды. Егер мемлекеттік органдарда және мектептерде қажетті ақпарат бар болса, ата-ананы қайта-қайта өтініш жаздырудың орнына, нақты санаттағы балаларға көмек автоматты түрде тағайындалатын жүйе тиімдірек болуы мүмкін.

Әлеуметтік желідегі видеоға жазылған пікірлер де аз емес. Комментарийлерге қарағанда, қоғам бұл мәселеде екіге бөлінген. Бір тарап «осындай мүмкіндікті жағдайы жақсы адамдар пайдаланса, шын мұқтаж отбасыларға көмек жетпей қалуы мүмкін» деген пікір білдіреді. Кейбір қолданушылар көпбалалы отбасылардың барлығын бірдей әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж деп қарауға болмайтынын алға тартады. 

«Көпбалалы отбасының балаларының бәрі бірдей көмекке мұқтаж емес», «Жолдасының жақсы жерде жұмыс істейтінін айтпай отыр», «Осындай адамдардың кесірінен шын мұқтаждар ала алмай қалады» деген мазмұндағы пікірлер жиі кездеседі. Тіпті «Неге көп бала туасыңдар?» деген сипаттағы пікірлер де бар. Алайда мұндай пікірлер мәселенің басқа бір қырын көрсетеді. Көпбалалы болу мен әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж болу — бір ұғым емес. Сол сияқты көпбалалы отбасының жағдайы жақсы болуы оның барлығына ортақ дегенді де білдірмейді. Сондықтан әлеуметтік көмекті дауыс көтеріп, бір-бірін кінәлау арқылы емес, нақты әрі түсінікті критерийлер арқылы бөлу маңызды. Кімге көмек тиесілі екені отбасының табысына, нақты әлеуметтік жағдайына және баланың қажеттілігіне қарай анықталса, қоғамдағы күмән мен реніш те азаяр еді. Ең бастысы — көмек шын мұқтаж балаға жетуі керек. Ал оған жетудің жолы ата-ананы бір-бірімен таластыру емес, әділ әрі ашық жүйе құру. 

Шымкентте кімдер қамтылады?

Шымкент қаласының ресми мәліметіне сәйкес, 2025–2026 оқу жылында әлеуметтік қолдау мемлекеттік мектептердегі шамамен 56 мың оқушыға жоспарланған. Бұған қоса, әлеуметтік осал санаттағы жекеменшік мектеп оқушылары да бағдарламаға енгізілген. Өткен оқу жылында қалада бір балаға 46 500 теңге көлемінде көмек қарастырылғаны хабарланған. Демек, механизм бар, қаражат та қарастырылған. Бірақ қазіргі наразылықтың мәні – осы механизмнің нақты жұмыс істеуінде. Ата-ана өтініш береді. Құжаттарын тапсырады. Жауап күтеді. Сосын «бас тартылды» деген хабарлама алады. Егер бұл шешімнің себебі түсініксіз болса, әлеуметтік саясаттың өзі халыққа түсініксіз болып қалады.

Атырауда да мәселе көтерілген 

Атырау облысында да «Мектепке жол» акциясы бірнеше жылдан бері әлеуметтік осал отбасыларға бағытталған. Өңірлік білім басқармасы бұған дейін акция аясында көмекке мұқтаж балаларға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға қаражат ата-аналардың есепшоттарына аударылатынын хабарлаған. 2025 жылы 9615 оқушыға жалпы сомасы 417,3 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілген. Әр балаға 43 407 теңгеден жергілікті бюджет есебінен қаржылай қолдау бөлінді.

Бұл жерде де негізгі мәселе біреу. Көмекке мұқтаж баланың бағдарламаға ілінуі қандай тәртіппен анықталады? Егер отбасы критерийлердің біріне сәйкес келмесе, онда оған бұл туралы нақты түсіндірме берілуі керек. Ал егер отбасы талаптарға сәйкес келсе, бірақ техникалық немесе құжаттық себеппен өтініші қабылданбаса, мәселені қайта қарау мүмкіндігі болуы қажет. 

«Көпбалалы» деген мәртебе жеткілікті ме? 

Қоғамдағы түсініспеушіліктің бір себебі осында болуы мүмкін. Көпбалалы отбасы болу мен «Мектепке жол» бойынша автоматты түрде қаржылай көмек алу – бір нәрсе емес. Ресми талаптарда көмек бірнеше әлеуметтік санатқа бөлінеді: атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылар, жан басына шаққандағы табысы төмен отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және басқа да белгіленген санаттар. Сондықтан ата-аналарға бағдарлама шарттарын алдын ала және барынша қарапайым тілмен түсіндіру маңызды.

Әйтпесе бір отбасы «мен көпбалалымын, демек көмек беріледі» деп ойласа, екінші жағынан жүйе басқа критерийді басшылыққа алуы мүмкін. Нәтижесінде наразылық туындайды.

Ал әлеуметтік көмек пен мемлекеттік қолдаудың кімге бағытталуы керектігі жөнінде көпбалалы ана Әлия Ерболованың да өз пікірі бар. Оның айтуынша, жеңілдікті немесе әлеуметтік бағдарламаны пайдалануда адамның нақты қажеттілігі ескерілуі керек.

«Мен көпбалалы анамын. Балаларым жеке мектепте оқиды. Бірақ көпбалалы екенмін деп, барлық мәселеге қатысты әкімдікке барып, көмек сұрай бермеймін. «Мектепке жол» секілді бағдарламалар шын мәнінде кімге қажет, кім мұқтаж — соларға бағытталуы керек. Бәріне бірдей берілсін деп талап ете беру дұрыс емес. Алдымен шын мұқтаж отбасылар қамтылсын, қалған мәселе кейін реттеледі. Сондықтан мұндай жағдайда адамдардың бәрін жаппай кінәлаудың қажеті жоқ», — дейді Әлия Ерболова.

Оның пікірі әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды қырын көрсетеді. Мемлекеттік көмек барынша көп адамға таратылғанымен, оның ең басты мақсаты — шын мәнінде көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау. Сондықтан мұндай бағдарламаларда ашықтық, нақты критерийлер және отбасының әлеуметтік жағдайын әділ бағалау маңызды. 

Енді ата-аналар не талап етіп отыр?

Ата-аналардың наразылығынан туындайтын негізгі талаптарды бірнеше тармаққа бөлуге болады:

* бас тартудың нақты себебін түсіндіру;

* өтінішті қарау кезінде қандай критерийлер қолданылғанын көрсету;

* әлеуметтік жағдайы қиын отбасыларды қайта тексеру;

* техникалық немесе құжаттық қателер болса, оларды түзетуге мүмкіндік беру;

* бөлінген қаражат пен қамтылған балалар саны туралы ашық ақпарат жариялау.

Бұл жерде ата-аналарға да бір маңызды нәрсені түсіндіру қажет: «Мектепке жол» – барлық көпбалалы отбасыға автоматты түрде берілетін әмбебап төлем емес. Көмек нақты белгіленген әлеуметтік санаттарға беріледі. Бірақ бұл талап мемлекеттік органдардың жауапкершілігін азайтпайды. Керісінше, әлеуметтік көмекке өтініш берген әрбір ата-анаға «неге алдым?» немесе «неге алмадым?» деген сұрақтың нақты жауабы берілуі тиіс. Өйткені «Мектепке жолдың» түпкі мақсаты – есеп үшін белгілі бір санды қамту емес.

Мақсат – әлеуметтік жағдайына байланысты баланың мектепке баруына кедергі келмеуін қамтамасыз ету. Сондықтан Шымкент пен Атыраудағы ата-аналардың наразылығына білім басқармаларының нақты түсініктеме бергені маңызды. Қанша өтініш түсті? Қаншасы мақұлданды? Қаншасына бас тартылды? Бас тартудың негізгі себептері қандай? Қайта өтініш беруге мүмкіндік бар ма? Жауап осы сұрақтарға берілсе, қоғамдағы түсініспеушілік те азаяр еді.«Мектепке жол» атауының өзі көп нәрсені аңғартады. Ең бастысы – әлеуметтік көмекке шынмұқтаж баланың сол жолдан тыс қалмауы.

Барлық жаңалық