21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша айыпталушы Шерхан Аймаханға прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Тілшіміздің хабарлауынша, Шымкентте соттағы жарыссөз басталды. Мемлекеттік айыптаушы Аймаханның жазасын жеңілдетуге негіз болатын ешқандай мән-жай анықталмағанын мәлімдеді.
Сонымен қатар прокурор Нұрай Серікбайдың Аймаханға ешқандай өкпесі жоқ екенін айтқан бейнежазбаны сотта ескермеуді сұрады. Оның сөзінше, сараптама қорытындысында қыздың бейнежазбадағы сөзі алдын ала жаттатылғаны анықталған.
«Жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын», – деді прокурор.
Нұрай Серікбай 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапқан. Тергеу нұсқасы бойынша, Шерхан Аймахан оған бірнеше рет пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін ол қала маңында ұсталған.