Астанада футбол жаттығуы кезінде қақпаның баланың үстіне құлап, оның жарақат алуына қатысты оқиға балалар футболындағы қауіпсіздік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Қазақстан футбол федерациясы бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, баланың медициналық көмек алып жатқанын хабарлады, деп жазады Ozgeris.info тілшісі.
Спорт журналисі Аслан Қаженов өзінің парақшасында төмендегідей ақпар таратқан еді.
"Қазір маған Астадағы Футбол үйінде, яғни, Қазақстан футбол федерациясы орналасқан ғимаратта баланың басына қақпа құлап, реанимацияға түсті деген ақпарат келіп жатыр. Мендегі бар мәлімет, оқиға кеше шамамен 19:30 шамасында болған және 2017 жылғы өрен зардап шеккен. Зардап шеккенде, қазір бәрі ең болмаса тірі қалуын тілеп отыр. Өкінішке орай, енді нақты ақпарат алмаймын. Футбол федерациясының баспасөз қызметіне хабарлассам, әзірге білмейміз, сұрап көрейік, кейін хабарласайық деп, өзімді футболить етіп жіберді. Мынау не масқара? Оны неге жасырасыздар? Істі жылы жапқыларың ме? Қайғылы оқиғаға не себеп? Кім жауапты? Футбол федерациясының ғимаратында осындай болып жатса, басқа алаңдардағы қауіпсіздік қандай?", деп жазды ол.
Ал алдын ала мәлімет бойынша, оқиға жаттығу кезінде болған. Қазір федерация нысан мен футбол жабдықтарының техникалық жағдайына ішкі тексеру жүргізіп жатыр. ҚФФ ресми мәлімдемесі мынадай:
Қазақстан футбол федерациясы 10 тамыз күні Астанадағы футбол алаңында болған, салдарынан баланың зардап шеккен оқиғасына алаңдаушылық білдіреді. Алдын ала мәлімет бойынша, жаттығу кезінде футбол қақпасы баланың үстіне құлаған. Зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізіліп, қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. ҚФФ медициналық мекемемен байланыста және баланың жағдайын бақылауда ұстап отыр. ҚФФ балаға және оның отбасына қолдау білдіреді. Оқиға болған футбол алаңын Қазақстан футбол федерациясы жеке футбол мектебіне жаттығу жиындарын өткізу үшін жалға берген. Қазіргі уақытта ҚФФ оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, нысан мен құрал-жабдықтардың техникалық жағдайына ішкі тексеру жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Федерация құзырлы органдарға оқиға себептерін анықтау үшін барлық қажетті ақпаратты ұсынуға және жан-жақты көмек көрсетуге дайын.
Алайда қоғам үшін ең маңызды сұрақ — балаға кім жауап береді?
Бұл жерде жауапкершілікті бір ғана ұйымға бірден артып қоюға болмайды. Оқиғаның нақты себебін құзырлы органдар анықтауы тиіс. Бірақ бірнеше тараптың міндеті бар: футбол алаңының иесі немесе оны пайдалануға берген ұйым, жаттығуды ұйымдастырған футбол мектебі, жаттықтырушы және қауіпсіздік талаптарының орындалуына жауапты тұлғалар. Егер жабдық техникалық талапқа сай болмағаны немесе қауіпсіздік шаралары сақталмағаны анықталса, жауапты адамдардың заң аясында жауап беруі мәселесі туындайды.
Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар. Жарақат алған баланың әрі қарайғы ем-дом шығынын кім өтейді? Бұл да ата-ананың мойнына түсіп қалмауы керек. Оқиғаның мән-жайына қарай медициналық көмек, емделуге кеткен шығын, оңалту және өзге де өтем мәселесі құқықтық тәртіппен шешілуі тиіс. Сондықтан ата-ана медициналық құжаттардың, анықтамалардың, шығындарды растайтын түбіртектердің және оқиғаға қатысты барлық материалдардың көшірмесін сақтағаны жөн.
Ең бастысы — бұл оқиға бірнеше күндік жаңалық болып, кейін ұмытылып кетпеуі керек.
Балалар футболы — жай ғана спорттық жаттығу емес. Бұл жерде кішкентай балалардың өмірі мен денсаулығы тұр. Футбол қақпасы, трибуна, қоршау, жарықтандыру, алаңның жабыны секілді элементтердің барлығы тұрақты техникалық бақылауда болуы қажет. Әсіресе жылжымалы қақпалар дұрыс бекітілмесе, олар бала үшін аса қауіпті нысанға айналуы мүмкін. Сондықтан әрбір балалар футбол алаңында «қауіпсіздік паспорты» болуы керек. Онда жабдықтардың техникалық жағдайы, соңғы тексеру күні, жауапты тұлға және ақау анықталған жағдайда оны жою мерзімі көрсетілуі қажет. Жаттығу басталар алдында жаттықтырушы алаңды және жабдықтарды көзбен тексеруі де міндетті талапқа айналғаны жөн.
Бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін қала тұрғыны Ақмаржан Ысқақтың тәжірибесі де көрсетеді. Оның айтуынша, былтыр өз ауласында да осындай жағдай болып, футбол қақпасы кішкентай қыздың басына құлап, ол ауыр жарақат алған.
«Ата-анасы біраз күресті. Ем-домына қомақты қаражат кетті, халық болып ақша жинадық. Баламен сынамасынады. Жалпы балалар алаңдары мен осындай стадиондарда қауіпсіздік бірінші орында болуы шарт», — дейді Ақмаржан Ысқақ.
Шынында да, мұндай жағдайдан кейін жауапкершілік тек оқиға болған сәттегі медициналық көмекпен шектелмеуі керек. Бала жарақат алғаннан кейін оның ұзақ мерзімді емделуі мен оңалтуына кім көмектесетіні, шығындарды кім өтейтіні де нақты болуы қажет. Ең алаңдататыны — ұқсас жағдайлардың қайталануы. Бір аулада қақпа құлайды, кейін басқа футбол алаңында дәл сондай оқиға орын алады. Демек, мәселе жекелеген нысандағы ақауда ғана емес, балалар спорт алаңдарының қауіпсіздігін жүйелі бақылау қажеттігінде болуы мүмкін.
Балалардың қауіпсіздігі — футболдың нәтижесінен де маңызды. Қақпаның дұрыс бекітілуін тексеру, алаңды тұрақты бақылау және ақаулы жабдықты дереу пайдаланудан шығару үлкен трагедияның алдын алатын қарапайым, бірақ міндетті шаралар болуы тиіс. Сонымен қатар футбол мектептері мен алаң иелері арасында жасалған келісімшарттарда жауапкершілік нақты жазылуы керек: кім алаңға жауап береді, кім жабдыққа жауап береді, бала жарақат алса, кім алғашқы медициналық көмекті ұйымдастырады және емделуге байланысты шығындар қалай өтеледі? Бір баланың жарақаты — жүйедегі әлсіз жерді көрсететін белгі. Сондықтан бұл оқиғаның нәтижесі тек «ішкі тексеру жүргізілді» деген есеппен аяқталмауы тиіс.
Тексеру қорытындысы қандай ақау болғанын, кім жауапты болғанын және осындай жағдай қайталанбауы үшін қандай нақты шара қабылданғанын көрсетуі керек. Өйткені балалар футболының басты мақсаты — чемпион тәрбиелеу ғана емес. Ең алдымен баланы қауіпсіз ортада спортпен айналыстыру.