Елімізге танымал асаба Әлібек Серғалиев әлеуметтік желіде тараған даулы видеоға қатысты өз пікірін білдіріп, тойда сөйлеген қарияның көңілін көтеру үшін оған ат мінгізгісі келетінін жеткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Шоумен қарияның сөзінде артықтық болғанымен, қоғамның мұншалықты ашуына себеп болатындай жағдай емес екенін атап өтті.
«Бәріміз қателесеміз, ағайын. Келесі жолы абайлап сөйлер… Бірақ бұл ағамыз соншалық елден оқшауланып, көшеге шыға алмай қалатындай ештеңе айтқан жоқ. Сол үшін қарияның шөккен көңілі көтерілсе екен деп, мен бұл кісіге Алла разылығы үшін бір ат мінгізгім келеді. Сондықтан осы ағамыздың байланысын тауып берсеңіздер, риза болар едім! Әншілерді «шайтанның азаншысы» дегені үшін халық соншалықты наразы болып жатқан жоқ. Осы әншілерді жезөкше деді, шегірткеге де теңеді ондайда біздің қоғам үндемей қалатын. Қоғамның ашуын туғызған негізгі мәселе той үстінде «ерлер мен ұрғашылар бөлек отырсын» деген сөзі болды», — деді асаба.
Еске сала кетейік, Түркістан облысы Жетісай ауданында өткен тойлардың бірінде 66 жастағы қария сөз сөйлеп, әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атайды және жиналғандарға «еркектер мен ұрғашылар бөлек отыруы керек» деген пікір айтқан.
Осы видео желіде тарап, үлкен резонанс тудырғаннан кейін Ішкі істер министрлігі аталған факті бойынша діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, қарияны қамауға алды. Кеше ғана қарияның қызы арнайы үндеу жасап, әкесінің ешқандай радикал емес екенін, басынан ауыр операция өткізіп, денсаулығында кінәрат бар екенін айтып, кешірім сұраған болатын.