Жаңалықтар

Нұрай Серікбай ісі: Айыпталушы тергеу изоляторында қысым көргенін айтты

Нұрай Серікбай ісі: Айыпталушы тергеу изоляторында қысым көргенін айтты

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта айыпталушы Шерхан Аймахан тергеу изоляторында болған кезінде белгісіз адамдардың физикалық және психологиялық қысым көрсеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Оның айтуынша, қысым салдарынан есінде жоқ оқиға туралы жауап беруге мәжбүр болған. Бұл туралы Шымкентте өтіп жатқан сот отырысында белгілі болды.

Шерхан Аймаханның сөзінше, тергеу изоляторында отырған кезінде оның камерасына белгісіз адамдар кіріп, физикалық және моральдық тұрғыда қысым көрсеткен. Алайда сотта оның нақты қандай әрекеттерге ұшырағаны нақтыланбады.

Осыған байланысты қорғаушылары соттан Аймаханның 2026 жылғы 13 қаңтарда және 1 мамырда берген жауаптарын іс материалдарынан алып тастауды сұрады. Сондай-ақ адвокаттар қосымша кешенді сот-психологиялық сараптама тағайындауды талап етті.

Сот отырысында Нұрай Серікбайдың жақындарының қорғаушылары Шерхан Аймаханнан қысым көргеннен кейін тергеу изоляторы басшылығына шағымданған-шағымданбағанын сұрады. Айыпталушы ешқандай арыз жазбағанын айтты.

Сотта айтылған мәлімдемелерден кейін судья Самидин Темірәлиев Шерхан Аймахан қаңтар айында қамауда болған Шымкенттегі №69 тергеу изоляторына ресми сауал жолдады.

Мекеме басшылығы сотқа Аймаханға заңсыз адамдар кірмегенін және оған қысым жасалмағанын хабарлаған.

Алайда судья айыпталушының 13 қаңтарда берген жауабын іс материалдарынан алып тастау туралы шешім қабылдады. Бұған бейнетаспа мен тергеуші толтырған хаттамадағы жауаптардың бір-біріне сәйкес келмеуі себеп болған.

Сотта көрсетілген бейнежазбада Шерхан Аймахан Нұрай Серікбаймен сөйлескенін ғана есінде сақтағанын айтқан. Оның сөзінше, одан кейін аффект жағдайында болғандықтан, не істегенін білмеген.

Ал тергеуші хаттамаға Аймаханның атынан қылмыс оқиғасын өзгеше сипаттап жазған. Судья Самидин Темірәлиев хаттамадағы мәтін бейнежазбадағы жауаппен сәйкес келмейді деп тауып, тергеуші тарапынан заң талаптарының өрескел бұзылғанын атап өтті.

Осыған байланысты 13 қаңтардағы жауап іс материалдарынан алынып тасталды.

Ал Аймаханның 2026 жылғы мамырда берген жауабы іс ішінде қалдырылды. Сонымен қатар сот оның қорғаушылары сұраған қосымша сот-психологиялық сараптаманы тағайындау туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Барлық жаңалық