Қоғам

«Малымды тегін жеді, 4 баласын үйлендірді»: Тәжіғали Елеуов малшысына қатысты мәлімдеме жасады

«Малымды тегін жеді, 4 баласын үйлендірді»: Тәжіғали Елеуов малшысына қатысты мәлімдеме жасады

33 жыл Рахат Сәрсеновке мал бақтырып, кейін оны «малымды ұрлады» деп сотқа берген кәсіпкер Тәжіғали Елеуов алғаш рет өз пікірін білдіріп мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

«Кешеден бері желіде тарап жатқан дау-дамайдан кейін өз пікірімді білдіруді жөн көрдім.Рахатты мал шаруашылығын бастаған кезде бақташы етіп жұмысқа алған едім. Біз бірге біршама жыл еңбек еттік. Жұмыс барысында оның араққа салынғанына да, 5-6 бас жылқының жоғалып кеткеніне де көз жұма қарап, кешіріммен қарадым. Алайда, соңғы жағдайда ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, менің аса үлкен көлемдегі малымды сатып жіберген. Қазір ол топтың мүшелері заң алдында жауап беріп, түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ал Рахаттың өзі де мал сатумен айналысқан болса да, серіктестері оны атамай, жауапкершіліктен құтқарып қалған еді», - дейді Елеуов.

Кәсіпкер өз малын ұрыдан қайтаруды талап ету толығымен заңды дейді.

«Оған соттың заңды күшіне енген үкімі дәлел. Сот шешімімен Рахат Сәрсенов қылмыскер деп танылды. Алайда, қазір басты қылмысты жасыру үшін «Сәрсенов толық ақталып шықты» деп халықты адастырып, оны зардап шеккен «халық қаһарманы» етіп көрсетуге тырысып жатыр. Мен жастайымнан қара жұмысқа араласып, еңбекпен өскен адаммын, шаруадан қорықпаймын. Менде блогерлер сияқты сөз таластыратын мүмкіндік пен шеберлік жоқ. Соны пайдаланып, олар мені халыққа жаман көрсеткісі келеді. Менің мақсатым — ақталу емес. Ескертетерім, Instagram арқылы арзан абырой мен табыс тауып жүргендерге еріп, мені қаралап жатқандардың үстінен заңгерлерім заң жүзінде шара қолданады», - деді ол.

Кәсіпкер жағдайдың анық-қанығын білмей, маған сөз тигізіп жатқан бейтаныс адамдарға өкпем жоқ екенін айтты.

«Бірақ өмір бойы менің малымды тегін жеп, 40 жас мерейтойын жасап, 4 баласын үйлендіріп, түрмеден құтқарған менің жақсылығымды білмеген адамға не айтасың», - деді ол.

Еске салсақ, осыған дейін Рахат Сәрсеновтың оқиғасы желіні дүр сілкіндірді. 33 жыл кәсіпкердің малын баққан кісіні сот ақтап шықты. Оған кәсіпкер пәтер сыйлап, Қазақстанға танымал тұлға болды.

Барлық жаңалық