Шымкентте 10-12 жастағы балалармен интернет арқылы танысып, олардың сеніміне кірді деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Полицияның мәліметінше, күдікті мессенджерлерде өзін 14 жастағы жасөспірім ретінде таныстырып, балалармен сөйлескен. Ол олардың жеке байланыстарын алып, кейін әңгімелерін WhatsApp арқылы жалғастырған.
Тергеу барысында осындай жағдайлардың бірі анықталған. Күдікті онлайн ойын арқылы танысқан қыздың телефон нөмірін алып, онымен мессенджерде сөйлескен. Кейін қыздан интимдік сипаттағы фото және бейнематериалдар жіберуді сұраған.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде күдікті ұсталды. Ол кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полиция оның басқа да осындай фактілерге қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
ІІМ ата-аналарға балалардың интернеттегі белсенділігіне назар аударып, әлеуметтік желілерде, онлайн ойындарда және мессенджерлерде кімдермен сөйлесетінін бақылауды ұсынды.