Қазақстан соңғы жеті жылда экономиканы ұлғайтып қана қоймай, кәсіпкерлікті, өндірісті және әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамытуға кірісті. Бұл өзгерістер елдің Орталық Азиядағы экономикалық рөлін күшейтіп, дамудың келесі кезеңіне негіз қалап отыр. Berlin Today басылымы жариялаған көлемді талдамалы материалда осындай баға берілген, деп жазады Ozgeris.info сайты.
2019 жылдан бері Қазақстан пандемия, жеткізу тізбектеріндегі үзілістер мен геосаяси тұрақсыздық сияқты күрделі сынақтарға тап болды. Соған қарамастан, ел экономикасы кеңейіп, сыртқы нарықтармен байланысы артып, кәсіпкерлік белсенділік өсті. Басылым сарапшылары бұл өзгерістерді бір ғана көрсеткішпен емес, халықтың күнделікті өмірінде байқалатын нәтижелермен бағалау қажет екенін атап өткен.
Мәселен, 2019–2025 жылдары елде 118,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Осы кезеңде 761 мектеп пен 345 балабақша салынған. Ал 2023–2025 жылдары 813 медициналық нысан бой көтеріп, оның 655-і ауылдардағы алғашқы медициналық көмек мекемелері болған. Бұл инфрақұрылым халық санының өсуі мен қалаларға көшу қарқынына жауап беруге бағытталған.
Материалда өмір сүру ұзақтығы да маңызды көрсеткіш ретінде келтірілген. 2023–2025 жылдары бұл көрсеткіш 2,79 жылға өсіп, 75,97 жасқа жеткен. Басылымның пайымынша, экономикалық даму тек өндіріс пен табыстың өсуімен өлшенбейді.
Кәсіпкерлік пен өндіріс өсудің жаңа тірегіне айналуда
Қазақстан экономикасындағы маңызды өзгерістердің бірі — шағын және орта бизнестің кеңеюі. Berlin Today келтірген дерекке сәйкес, бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны жеті жылда 31,6 пайызға өсіп, шамамен 4,5 миллион адамға жеткен. 2025 жылдың соңында тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2,3 миллионнан асқан. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 47,5 пайызға көп.
Кәсіпкерліктің өсуі экономикалық мүмкіндіктердің кеңейіп, жұмыс орындарының түрлі салаларда қалыптасып жатқанын аңғартады. Басылымның бағалауынша, шағын бизнестің дамуы мемлекеттік сектор мен ірі компаниялар басым экономикада кәсіпкерлікке кеңірек орын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге ел импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі өндірістің ауқымын кеңейтуге күш салып келеді. Соңғы жеті жылда Қазақстанда шамамен 800 мың автокөлік шығарылған. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда 2025 жылдың соңына дейін 860 жоба жүзеге асып, 57,2 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Ал 2025–2029 жылдары тағы 140 өндірістік жобаны іске қосу жоспарланған.
Бұл бағыт Қазақстанның табиғи ресурстардан бас тартуын білдірмейді. Мұнай, уран, металдар мен ауыл шаруашылығы ел экономикасының маңызды бөлігі болып қала береді. Мақсат — сол мүмкіндіктерге қосымша өндірістік буындар қосып, шикізатты ел ішінде өңдеу, дайын өнім шығару және жергілікті кәсіпорындарды халықаралық жеткізу тізбектеріне тарту.
Қазақстан өңірлік экономикалық алаң ретіндегі орнын нығайтып келеді
Орталық Азиядағы көрші елдердің дамуы Қазақстан үшін жаңа нарықтар мен сауда байланыстарын қалыптастырады. Өңірдегі ортақ нарық кеңейген сайын қазақстандық өндірушілер үшін тұтынушылар саны артып, логистика саласында жүк тасымалының көлемі өсуі мүмкін.
Berlin Today мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі шамамен 306 миллиард долларға жеткен. Бұл — Өзбекстан экономикасының көлемінен шамамен екі есе көп көрсеткіш. Ал Қазақстандағы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 14,7 мың долларға жуық болған. Басылым бұл айырмашылықты елдің қаржы жүйесінің, жинақталған инвестиция көлемінің және халықаралық іскерлік инфрақұрылымының артықшылықтарымен байланыстырады.
2025 жылы Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 20,5 миллиард долларға жетіп, бір жыл бұрынғыдан 14,4 пайызға өскен.
Елдің табиғи ресурстарымен қатар, ірі ішкі нарығы, өңірлік байланыстары және Шығыс пен Батыс арасындағы географиялық орны да инвесторлар үшін маңызды фактор ретінде аталған.
Бұл ретте Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының маңызы сақталып отыр. Ірі державалардың арасында орналасқан ел үшін Қытаймен, Ресеймен, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен және басқа да серіктестермен прагматикалық байланыс орнату инвестиция тартуға әрі халықаралық жағдайда маневр жасауға мүмкіндік береді.
Алда шешімін күткен міндеттер де бар
Материалда жеті жылдағы өзгерістермен қатар, экономиканың алдында тұрған мәселелер де көрсетілген. Инфляция халықтың табысына әсер етіп отыр, қала мен ауыл арасындағы айырмашылық әлі де байқалады. Инфрақұрылым халық санының өсуіне ілесуі, ал жаңа өндіріс орындары нақты бәсекеге қабілетті болуы керек. Мемлекеттің экономикадағы үлесі де әлі жоғары.
Дегенмен басылым бұл шектеулер атқарылған жұмыстың ауқымын жоққа шығармайтынын атап өтеді. Керісінше, қиындықтарға қарамастан қалыптасқан нәтижелер елдің экономикалық моделін біртіндеп әртараптандыруға бағытталған ұзақ мерзімді өзгерістер жүріп жатқанын көрсетеді.
Berlin Today сарапшыларының түйіні бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев тұсында Қазақстан бұрынғы жетістіктерін сақтаумен шектелмей, экономиканың және әлеуметтік саланың келесі даму кезеңіне негіз қалауға кірісті. Бұл үдерістің нәтижесі жаңа үйлерден, мектептер мен медициналық нысандардан бастап, кәсіпкерлік пен өндірістің өрге жылжуынан байқалады.