Қазақстандық боксшы Торехан Сабырхан Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында ел қоржынына оныншы алтын медальді салды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Торехан Сабырхан Иордания өкілі Зеяд Ишаишпен кездесті. Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жекте қазақстандық боксшы төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті Осылайша, Торехан Сабырхан Азия ойындарының чемпионы атанып, Қазақстан құрамасына кезекті алтын жүлдені сыйлады. Ал Зеяд Ишаиш күміс медальді қанағат тұтты.
Бұл жеңістің тағы бір ерекшелігі – Сабырханның қарсыласы да халықаралық аренада тәжірибелі боксшы. Зеяд Ишаиш 2025 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған. Сонымен қатар ол 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері және 2018 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері.
Ал Торехан Сабырхан 2025 жылы World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған еді. 20 жастағы қазақстандық боксшы Азия ойындарының финалында да өзінің жоғары деңгейдегі дайындығын көрсетті. Тореханның алтын медалі Қазақстан құрамасының Жапониядағы Азия ойындарындағы жалпы жүлде санын 66 медальге жеткізді. Оның ішінде 10 алтын, 19 күміс және 37 қола медаль бар.
Сабырханның жеңісі Қазақстан боксының Азия құрлығындағы позициясын тағы бір мәрте айқындап берді. Жас чемпионның финалдағы сенімді өнері ұлттық құраманың алтын қорын толықтырып қана қоймай, алдағы халықаралық жарыстар алдында қазақстандық бокс мектебінің жаңа буынына деген сенімді күшейтті.