Қоғам

Ерболат Жанабыловтың соты жабық форматта өтетін болды

Ерболат Жанабыловтың соты жабық форматта өтетін болды

Астанада блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік іс бойынша сот отырысы басталды. Іс Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралып жатыр.

Жанабыловқа Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған. Аталған бап отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттерге қатысты.

Сот отырысына блогердің жұбайы Эльмира Төлегенова онлайн форматта қатысты.

Процесс барысында Ерболат Жанабылов сот отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуына қарсылық білдіріп, істі жабық қарауды сұрады. Оның айтуынша, іс отбасылық жағдайға қатысты болғандықтан, бұл ақпараттың көпшілікке жария болғанын қаламайды.

Эльмира Төлегенова да соттың жабық өтуін қолдады. Судья Әсия Сүлейменова өтінішті қанағаттандырып, БАҚ өкілдерін сот залынан шығарды.

Іс бұған дейін полицияға түскен шақыртуға байланысты қозғалған. Полиция мәліметінше, ерлі-зайыптылар арасында жанжал болып, оқиға орнына келген қызметкерлер жағдайды тіркеген. Кейін Эльмира Төлегенова шара қолданбау туралы арыз жазған.

Бұған дейін Төлегенова әлеуметтік желідегі жазбасында Ерболат Жанабыловпен ажырасу процесінде жүргенін хабарлаған.

Барлық жаңалық