Жаңа Адамдар

«Жаңа адамдар» балалар порнографиясынан табыс тапқан педофилді әшкереледі

«Жаңа адамдар» балалар порнографиясынан табыс тапқан педофилді әшкереледі

«124» азаматтық бастамасы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізіп жатқан жұмысы барысында кезекті күдікті әрекетті анықтады. Бастама бүгінде ірі қалалармен шектелмей, еліміздің түрлі өңірлерін қамтып отыр деп жазады Оzgeris.info.

 

Белсенділердің айтуынша, соңғы уақытта ата-аналар балалардың әлеуметтік желілердегі күмән тудыратын хат алмасулары жөнінде жиі хабарласа бастаған. Солардың бірі Алматы қаласында тіркелген. Анасы қызына белгісіз ересек адамның жазған мазмұны күмәнді хабарламаларын байқап, бұл туралы «124» қозғалысына мәлімдеген.

 

Тексеру барысында ер адамның әлеуметтік желілерде кәмелетке толмаған қыздардың парақшаларына жүйелі түрде бірдей сипаттағы жазбалар қалдырып отырғаны анықталды. Ол балалармен байланыс орнатуға тырысып, олардың жарияланымдарын үнемі бақылап отырған.

 

Жағдайды нақтылау үшін белсенділер 12 жастағы қыздың атынан жалған парақша ашқан. Көп ұзамай күдікті байланысқа шығып, әдепке сай келмейтін ұсыныстар айтып, кездесуге шақырған. Оның әрекеттері балалардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретіні байқалған.

 

Белгіленген кездесуге келген Мирас есімді азаматты кәмелетке толмаған бала емес, азаматтық бастама өкілдері қарсы алған. Әңгіме барысында ол балаларға қатысты заңсыз материалдарды сақтағанын және оларды тарату арқылы табыс табатынын мойындаған. Сонымен қатар ол өз әрекетіне қатысты жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан.

 

Адвокат Қолханат Қабанбаева бұл іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша қарастырылуы мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, балаларға қатысты заңсыз контентті тарату және сату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады және бірнеше жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

 

Мамандар мұндай әрекеттер балалардың психологиялық және физикалық қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіретінін ескертеді. «124» азаматтық бастамасы қоғамды сергек болуға шақырып, балаларды қорғау бағытындағы жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.

 

Барлық жаңалық