Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының төртінші турында Фарер аралдарымен 2:2 есебімен тең түсті. Астанада өткен кездесуде қонақтар 2:0 есебімен алға шыққанымен, алаң иелері таразы басын теңестіре алды. Алайда бұл нәтиже Қазақстан үшін кезекті жеңіссіз ойынға айналды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Фарер аралдары құрамасының бұрынғы футболшысы әрі комментатор Руни о Рейнатрёд матчтан кейін өз командасының мүмкіндігін жоғары бағалады.
«Әрине, біз бұл ойында жеңуіміз керек еді. Есепте алда болдық. Тек қызыл қағаз жағдайды түбегейлі өзгертті. Дегенмен төрт матчтың ешқайсысында жеңілген жоқпыз. Алда әлі екі ойын бар», – деді ол.
Фарер футболының құпиясы неде?
Рейнатрёд Фарер аралдарының халқы небәрі 55 мың адам екенін айтып, Қазақстанмен салыстырғанда футбол ресурстарының өте аз екенін атап өтті. Оның сөзінше, соңғы жылдары елде футболшыларды даярлау жүйесіне үлкен көңіл бөлінген. Мәселен, «Викингур» клубында жасөспірімдермен лицензиясы бар жаттықтырушылар жұмыс істейді. Балаларға ерте жастан кәсіби футболдың талаптары түсіндіріледі.
«Біз өзімізге шектеу қоймауға тырысамыз. 55 мың адам ғана тұратын ел болсақ та, мүмкін емес нәрсе жоқ деп сенуіміз керек», – деді бұрынғы футболшы.
Ұлттық құрамада электрик пен жиһаз сатушы ойнайды
Фарер футболының ерекшелігі – ұлттық құрама сапында негізгі жұмысын футболдан тыс атқаратын ойыншылардың әлі де болуы. Рейнатрёдтың айтуынша, Фарер аралдарының оң қаптал қорғаушысы Йоаннес Даниэльсен электрик болып жұмыс істейді. Ал Одмар Фере жиһаз сатады. Құрамада ағаш шеберлері де бар.
«Бұл спортқа бөлінетін уақытты айтарлықтай шектейді. Таңғы 8:00-ден 16:00-ге дейін жұмыс істейсің, содан кейін жаттығуға барасың. Толыққанды кәсіби футболшыларда мұндай мәселе жоқ. Мұндай жігіттерді футболға деген ерекше құштарлық алға жетелейді», – деді ол.
Бұған дейін Фарер құрамасының жартылай қорғаушысы Йоаннес Бьорталид те команданың кейбір футболшылары футболмен қатар жұмыс істейтінін айтқан еді.
Қазақстан екі голдың есесін қайтарды
Астанадағы кездесуде Фарер аралдары 22-минутта Петур Кнудсеннің голынан кейін есеп ашты. Екінші таймда Геза Давид Тури есепті 2:0-ге жеткізді. Алайда 68-минутта қонақтардың қорғаушысы Мартин Агнарссон екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Қазақстан сан басымдығын пайдаланып, Сергей Малый алыстан дәл соққы жасап, есепті қысқартты. Арада бірнеше минут өткенде Нұралы Әліп Қазақстанның екінші голын соғып, есепті теңестірді. Кейін Сергей Малый да қызыл қағаз алып, командалар алаңда он ойыншыдан қалды. Қалған уақытта Қазақстан жеңісті жұлып ала алмады. Осылайша кездесу 2:2 есебімен аяқталды.
Қазақстан құрамасының Фарер аралдарымен 2:2 есебімен тең түскен ойыны жанкүйерлер арасында түрлі пікір тудырды. Кейбір жанкүйерлер ұлттық құраманың ойын сапасына көңілі толмағанын айтып, жаңа бас бапкердің командамен жұмысын сынға алды. Ұлттық құраманың жанкүйері Жасұлан Жұмалиев Астанадағы кездесуден кейін ойын туралы өз пікірін білдірді.
«Бұл ойын мүлдем ұнамады. Бұрын Фарер құрамасында сантехник, электрик секілді мамандық иелері футбол ойнайды дегенге сенбейтін едім. Рас екен. Ал біздің жігіттердің барлығы кәсіби футболшылар. Бірақ соған қарамастан, алаңда нақты ойын көрінбейді. Жаңа бапкер ойыншыларды әлі толық түсінбейтін сияқты. Команданың ойынында байланыс жоқ. Алаңда жалғыз Максим Самородов жеңіске жетуді шын қалағандай әсер қалдырды. Бізде шабуылшылар болмаған соң, голды қорғаушылар салып жүр. Бұл да көп нәрсені көрсетеді. Білмеймін, осындай кезде Әдиев пен Байсуфиновті сағынасың», – деді Жасұлан Жұмалиев.
Бұл нәтиже Қазақстан құрамасының жеңіссіз сериясын алты ойынға жеткізді. Соңғы жеңіс 31 наурызда тіркелген. Ол кезде Қазақстан FIFA Series турнирінде Комор аралдарын 1:0 есебімен жеңген болатын.
Ұлттар лигасының С3 тобында төрт турдан кейін Қазақстан 2 ұпаймен соңғы орында тұр. Словакияның еншісінде – 10 ұпай, Фарер аралдары мен Молдовада – 4 ұпайдан.
Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 13 қарашада Молдовада, ал 16 қарашада Словакияға қарсы Астанада өткізеді.