Білім

«Диплом бар, маман тапшы»: Қазақстанның еңбек нарығында неліктен парадокс болып жатыр?

«Диплом бар, маман тапшы»: Қазақстанның еңбек нарығында неліктен парадокс болып жатыр?

Бір жағынан, дипломы бар түлек өз саласынан орын таба алмайды, екінші жағынан, кәсіпорындар қажетті маман тапшы екенін айтып отыр. Сонда мәселе жұмыс орнының аздығында ма, әлде білім беру жүйесі мен еңбек нарығының сұранысы бір-біріне сәйкес келмей ме? 

Ozgeris.info сайты ресми деректер мен сарапшылар пікіріне сүйеніп, мәселені саралап көрді.

 

Жұмыссыздық төмен, бірақ диплом мен жұмыс сәйкес келе ме?

Ұлттық статистика бюросының соңғы дерегі бойынша, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан экономикасында 9,4 миллион адам жұмыспен қамтылған. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,5%, ал 15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық 2,9% болды.

Яғни ресми статистика жастар арасында жаппай жұмыссыздық бар екенін көрсетпейді. Бірақ жұмысқа орналасу мен алған мамандық бойынша жұмыс істеу – екі бөлек мәселе.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Гүлназ Қасымова бұл мәселені білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы алшақтықпен байланыстырады.

– Бүгінгі таңда жастар білім беру мен еңбек нарығының нақты талаптары арасындағы алшақтыққа жиі тап болады. Сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі, технологиялардың қарқынды дамуы және өзгермелі экономика жаңа сын-қатерлер туындатуда, оларды жүйелі түрде шешу мектеп кезеңінен басталуы қажет, – дейді сарапшы.

Ол Ұлттық статистика бюросының сауалнамасына сүйеніп, жас мамандардың бестен бір бөлігінен астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін көрсетеді. Техникалық және кәсіптік білім алған жастар арасында бұл көрсеткіш – 29%, жоғары білім алғандар арасында 17%. Қасымованың сөзінше, университет пен колледж түлектері көбіне қызмет көрсету саласына немесе жоғары білімді қажет етпейтін жұмыстарға ауысуға мәжбүр.

Сарапшы Қазақстан еңбек нарығында бір-біріне қарама-қайшы екі жағдай қалыптасқанын да атап өтеді.

– Қазақстанның еңбек нарығы қосарланған сын-қатерге тап болуда: бір жағынан, инженерия, IT және нақты ғылымдар саласында білікті мамандардың тапшылығы байқалса, екінші жағынан – гуманитарлық мамандықтар бойынша түлектердің артық болуы, олардың өз білімдерін тиімді пайдалану мүмкіндігінің шектеулілігі, – дейді Гүлназ Қасымова.

Оның келтірген дерегіне сәйкес, 2023/2024 оқу жылында 157 106 студент оқуын аяқтаған. Соның 37,7%-ы білім беру бағытына тиесілі болса, инженерлік, өңдеу және құрылыс мамандықтарының үлесі небәрі 17,1% болған.

 

Неге жастар басқа мамандыққа кетеді?

ҚСЗИ сарапшысы мәселенің бір себебін мамандық таңдаудың өзінен іздейді. Оның пікірінше, мектептерде кәсіби бағдар беру жұмысы жүйелі жолға қойылмаған.

– Бұл жағдай оқушылардың саналы түрде мамандық таңдауына қажетті құралдардың жетіспеуіне әкеледі, нәтижесінде олар еңбек нарығындағы нақты мүмкіндіктерден гөрі дипломның беделіне көбірек мән береді, – дейді Гүлназ Қасымова.

Соның салдарынан жастардың бір бөлігі өзінің қабілеті мен қызығушылығына сәйкес келмейтін мамандықты таңдайды. Сарапшы мұның кейін жұмысқа қанағаттанбауға және кадр тұрақсыздығына әкелетінін атап өткен.

Бұл проблема тек жоғары білім жүйесіне қатысты емес.

 

Колледж бітіргендердің бәрі мамандығымен жұмыс істей ме?

Жуырда ғана өткен Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова соңғы үш жылда колледж түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші өскенін мәлімдеді. Мамандығы бойынша жұмысқа орналасқандар саны 72 мыңнан 90 мыңға, ал жұмысқа орналасқан түлектердің жалпы саны 92 мыңнан 112 мың адамға дейін артқан.

Бірақ министрдің өзі ендігі міндетті еңбек нарығының нақты сұранысымен байланыстырады.

– Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін нәтижеге айналдыру. Осы мақсатта 2025–2027 жылдарға арналған ТжКБ жүйесін трансформациялау жол картасы жүзеге асырылуда. Оның негізгі бағыттары – кадр даярлауды экономика сұранысына бейімдеу, бизнестің қатысуын кеңейту, білім беру мазмұнын жаңарту және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, – деді Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында.

Қазір Қазақстандағы 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алады. Сонымен қатар сұраныс жоғалғандықтан 32 мамандық пен 41 жұмысшы біліктілігін алып тастау қарастырылып отыр. Еңбек нарығы талаптарына сәйкес келмейтін 66 білім беру бағдарламасы тізілімнен шығарылған.

Бұл деректердің өзі маман даярлау жүйесін еңбек нарығындағы өзгерістерге қарай қайта қарауға тура келіп отырғанын көрсетеді.

 

Жұмыс жоқ па, әлде қажетті маман жоқ па?

Еңбек нарығындағы қазіргі жағдайға қарасақ, Қазақстанда жұмыс орны мүлде жоқ деу қиын.

2026 жылдың алғашқы алты айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 604,4 мың бос жұмыс орны жарияланған. Маусым айының өзінде жұмыс берушілер 108,7 мың вакансия ұсынса, жұмыс іздеушілер 126,7 мың түйіндеме орналастырған. Түйіндемелердің 49%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі болды. Еңбек министрлігі мұны оқу орындары түлектерінің еңбек нарығына белсенді шығуымен де байланыстырады.

Ал 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына шамамен 2,9 миллион қызметкер қажет болады. Соның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарына тиесілі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, проблема жұмыс орындарына сұраныс қалыптастыруда емес.

– Елде жұмыс күшінің саны 9,8 млн адамды құрайды, оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған, жұмыспен қамту деңгейі – 96%. Сонымен қатар еңбек нарығында жұмысшы кадрларға тұрақты сұраныс байқалуда: Электрондық еңбек биржасына орналастырылған бос жұмыс орындарының жартысынан астамы жұмысшы мамандықтар. Сондықтан негізгі міндет – сұранысты қалыптастыру емес, кадрлар даярлаудың экономиканың ағымдағы және перспективалық қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз ету, – деді Асқарбек Ертаев.

Министрлік болжамы бойынша, алдағы жылдары мамандарға ең жоғары сұраныс өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында қалыптасады. Осыған байланысты сұранысқа ие кәсіптердің тізімі 51-ден 174-ке дейін кеңейтіліп жатыр. Олардың арасында инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және ядролық энергетика бағыттары бар.

 

«Мәселе тек кадр тапшылығында емес»

Өнеркәсіп пен құрылыс саласындағы жағдай бұл қайшылықты одан әрі айқын көрсетеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, министрлік жетекшілік ететін салалардың өзіне қазір 36,7 мың маман қажет. Соның 16,2 мыңы құрылысқа, 14,4 мыңы өңдеу өнеркәсібіне керек.

Бірақ министр кадр санының аздығы мәселені толық түсіндірмейтінін айтады.

– Жұмыспен қамту және бос жұмыс орындарына жүргізген талдау бойынша, кадрларға ең жоғары сұраныс құрылыс, машина жасау және тау-кен металлургия салаларында анықталды. Алайда дәл осы салаларда бос жұмыс орындарының саны да көп. Бұл жағдай мәселенің тек жалпы кадр тапшылығында емес екенін көрсетіп отыр, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің айтуынша, негізгі проблемалардың бірі – қызметкерлердің білімі мен дағдысының жұмыс берушілер талабына толық сәйкес келмеуі. Сондықтан мемлекеттік білім беру тапсырысын кәсіпорындардың нақты қажеттілігіне қарай қалыптастыру қажет.

– Негізгі мақсат – экономика қажеттілігін, жұмыс берушілердің талаптарын, кадр даярлауды және біліктілікті растауды бір жүйеге біріктіру, – деді ол.

Бұл жерде еңбек нарығындағы парадокс анық көрінеді: бір салада бос жұмыс орындары көп, сол салаға маман қажет, бірақ жұмыс беруші өзіне сәйкес кадрды бәрібір таба алмай отыр.

 

Дипломның беделі ме, нақты дағды ма?

Еңбек нарығындағы тағы бір мәселе – дипломның өзі түлектің табысты мансабына қаншалық кепілдік беретіні.

Еліміздегі Экономикалық зерттеулер институтында осы мәселеге арналған зерттеу таныстырылды. Maqsut Narikbayev University Халықаралық экономика мектебінің деканы, экономика бойынша PhD Сәуле Кемелбаева университеттің талғамдылығы түлектің кейінгі табысына қалай әсер ететінін зерттеген.

Зерттеуде 2012 жылы оқуға түсіп, 2016 жылы оқуын аяқтаған 6 791 бакалавр туралы әкімшілік деректер пайдаланылған. Түлектердің еңбек нарығындағы нәтижесі міндетті зейнетақы жарналары арқылы бағаланған. Зерттеу еңбек жолының алғашқы кезеңінде таңдауы қатаң әрі жақсы қаржыландырылатын ұлттық университеттер мен өзге мемлекеттік университеттер түлектерінің білімнен алатын экономикалық қайтарымы арасында айқын айырмашылық байқалмағанын көрсетті.

Бұл университеттің немесе дипломның маңызы жоқ дегенді білдірмейді. Бірақ еңбек нарығында оқу орнының атауымен қатар түлектің нақты білімі, дағдысы және оның экономикадағы сұранысқа сәйкестігі барған сайын маңызды болып келе жатқанын көрсетеді.

 

Еңбек нарығы тез өзгеріп жатыр

Мәселені күрделендіретін тағы бір фактор – технология.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың дамуы кейбір кәсіптерді жойып, басым бөлігінің мазмұнын өзгертеді. Сондықтан кадр даярлау жүйесі еңбек нарығындағы өзгерісті күтіп отырмай, болашақта қандай мамандар қажет болатынын алдын ала анықтауы керек.

Бұл талап қазіргі білім беру жүйесіне қосымша қысым түсіреді. Өйткені бүгін оқуға түскен студент еңбек нарығына үш-төрт жылдан кейін шығады. Осы уақыт аралығында оның мамандығына қойылатын талаптың өзі өзгеруі мүмкін.

Сондықтан мәселе тек қанша грант бөлінгенінде немесе қанша түлек диплом алғанында емес. Негізгі көрсеткіш сол түлектің алған білімін еңбек нарығында пайдалана алуында болуы керек.

Қазіргі деректер бір қарағанда қарама-қайшы көрініс қалыптастырады. Себебі Қазақстанда жастар жұмыссыздығы 2,9% ғана, экономикада 9,4 миллион адам жұмыс істейді, Enbek.kz-те жүздеген мың бос жұмыс орны жарияланып жатыр. Сонымен қатар жас мамандардың елеулі бөлігі алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді, ал кәсіпорындар қажетті біліктілігі бар адам таппай отыр.

Демек мәселе «диплом бар, жұмыс жоқ» дегеннен де күрделірек. Диплом да бар, жұмыс та бар. Бірақ дипломдағы мамандық, түлектің нақты дағдысы және жұмыс берушінің сұранысы бір нүктеде әрдайым тоғыса бермейді.

Барлық жаңалық