Жаңалықтар

Бейнеуде жас жігіттің өліміне қатысты жанжал күшейді

Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу ауылында болған жаппай төбелес бір жастың өмірін қиды. 14 тамызға қараған түні Бақдәулет Жалғасқан бірнеше жігіттің соққысына ұшырап, көлік астында көз жұмды, деп жазады ozgeris.info сайты.

 

Марқұмның туыстарының айтуынша, 20-30 шамасында жас жігіт жабылып ұрған. Соққыдан кейін оның қабырға мен жамбас сүйектері сынған. «Інім көліктің астында жатқан кезде де олар ұруын тоқтатпай, үстіне секіріп жатты», – дейді әпкесі.

 

Дегенмен бұл оқиғаға қатысты іс «кісі өлтіру» емес, «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қозғалған. Мұндай шешім қайғыдан қан жұтқан отбасының ашу-ызасын тудырып отыр. Олар қылмысқа қатысы бар барлық жігіттің әділ жазалануын талап етуде.

 

Полиция әзірге 14 күдіктінің уақытша қамауға алынғанын хабарлады. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Айта кетсек, Бейнеуде мұндай жағдай алғаш болып отырған жоқ. Бұған дейін осы аудандағы 11-сынып оқушысы Сағындық Құрмания да қасақана жасалған қылмыстың құрбаны болған еді. Оның ісі бойынша шыққан сот шешіміне ата-анасы келіспей, тіпті президентке шағымданған болатын.

Барлық жаңалық